Мамин «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңес отырысын өткізді

25 Маусым 2021, 19:02
3448
Бөлісу:
Мамин «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңес отырысын өткізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңес отырысы өтті. Бұл туралы Премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

ҚР-ның «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған тұжырымдаманың іс-шаралар жоспарын іске асыру барысы туралы экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Қостанай облысы әкімінің орынбасары Виктор Ионенко, ең озық қолжетімді технологиялар анықтамалықтарын әзірлеу туралы «Халықаралық жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасының м. а. Жанар Игенова баяндады. 

Елдің «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған тұжырымдаманы іске асыру аясында ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі 4,83 есеге ұлғайды, электр энергиясын өндірудегі жаңартылатын энергия көздерінің (ЖЭК) үлесі 3%-ға дейін, газ электр станцияларының үлесі 20,2%-ға дейін артты. Қалаларда орталық ауыз сумен жабдықтау жүйесі тұрақты түрде қолжетімді су пайдаланушылардың үлесі 97,5%-ға, ауылдық жерлерде 90,1%-ға жетті. ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығы 2008 жылғы көрсеткіштен 33,1%-ға төмендеді. 

Орнықты даму міндеттерін іске асыру мақсатында Қазақстанда жаңа Экологиялық кодекс қабылданды, ол биылғы 1 шілдеде күшіне енеді және Еуропалық одақ елдерінің тәжірибесі бойынша ең озық қолжетімді технологиялар (ОҚТ) көрсеткіштерін пайдалану арқылы кәсіпорындарды өндірісті жаңғыртуға ынталандыруды көздейді.

ОҚТ бюросы жүргізген ҚР өнеркәсібінің негізгі салалары кәсіпорындарының кешенді технологиялық аудиті негізінде ең озық қолжетімді технологиялар бойынша анықтамалықтар әзірленуде. Техникалық жұмыс топтарының құрамына өнеркәсіп кәсіпорындарының, мемлекеттік органдардың, салалық және экологиялық қауымдастықтардың, ғылыми және жобалау ұйымдарының, жоғары оқу орындарының 335 өкілі кірді. Халықаралық консультанттармен өзара іс-қимыл жүзеге асырылады. 

Қазіргі таңда «Энергия өндіру мақсатында ірі қондырғыларда отынды жағу», «Мұнай мен газды қайта өңдеу», «Бейорганикалық химиялық заттар өндірісі», «Цемент және әк өндірісі», «Шаруашылық және (немесе) өзге де қызметті жүзеге асыру кезіндегі энергетикалық тиімділік» анықтамалықтары қаралып жатыр. 2022 жылға 9 анықтамалық әзірлеу жоспарланған. Алдағы кезеңде ОҚТ бойынша кемінде 30 салалық және салааралық анықтамалықтар әзірлеу жоспарлануда. ОҚТ бойынша анықтамалар және тиісті қорытындылар ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітіледі. 

Үкімет басшысы Қазақстанның Париж келісімі бойынша қабылдаған халықаралық міндеттемелерін және 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму саласындағы күн тәртібін, сондай-ақ әзірленіп жатқан «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын ескере отырып, ҚР-ның «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдаманы өзектендіруді тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы