Мамин Exxon Mobil аға вице-президентімен инвестициялық жобалардың іске асырылуын талқылады

2 Маусым 2021, 14:02
1430
Бөлісу:
Мамин Exxon Mobil аға вице-президентімен инвестициялық жобалардың іске асырылуын талқылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Премьер-министр Асқар Мамин Exxon Mobil компаниясының аға вице-президенті Нил Чапманмен кездесу өткізді, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Тараптар көмірсутегі шикізатын барлау, өндіру және тасымалдау салаларындағы бірлескен инвестициялық жобаларды – ТШО-ның болашақ кеңейту жобасы мен Сағалық қысымды басқару жобасын іске асыру, Солтүстік Каспий жобасын дамыту және «Каспий Құбыр Консорциумы» мұнай құбырын жаңғырту мәселелерін талқылады. Қашаған кен орнын одан әрі игеру келешегіне ерекше назар аударылды. 

2020 жылы мұнда 15,1 млн тонна мұнай өндірілді, бұл 2019 жылғы көрсеткіштен 7,1%-ға артық. 2021 жылы 15,15 млн тонна мұнай өндіру жоспарланған. Мұнай-газ химиясы саласындағы - полиэтилен және жоғары қайта өңделген басқа да өнімдер өндіру саласындағы бірлескен жобаларды дамыту перспективалары талқыланды. Үкімет басшысы Қазақстанда мұнай-газ химиясы өндірістерінің жобаларын іске асыру кезінде Exxon Mobil тәжірибесін зерделеу үшін жұмыс тобын құруды тапсырды, - делінген ақпаратта.

Асқар Мамин Қазақстан аумағында Exxon Mobil бірегей жабдығының өндірісін жергіліктендірудің, компанияның сатып алуларындағы қазақстандық қамту үлесін арттырудың, заманауи экологиялық таза технологияларды қолданудың, денсаулық сақтау және еңбек қауіпсіздігі саласында жоғары стандарттарды сақтаудың, сондай-ақ Қазақстанда әлеуметтік жобаларды іске асырудың маңыздылығын атап өтті. Exxon Mobil - Қазақстандағы ірі инвесторларының бірі. 

1993 жылдан бастап компания Қазақстан экономикасына $26 млрд астам инвестиция салды. Кездесуге Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев пен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Алик Айдарбаев қатысты.


Өзгелердің жаңалығы