Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тәжді вирус жұқтырғандар саны елордада өршіп тұр. Бұл Нұр-Сұлтан қаласында қабылданып жатқан шаралар жеткіліксіз және вакцина салу қарқыны төмен екенін көрсетеді.
Бүгінгі өткен Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин осылай деді.
Өздеріңізге белгілі, елордада коронавирустың «Дельта» штамына тән мутацияның ықтималдығы анықталып отыр, оның таралу жылдамдығы өте жоғары, жылдам өршиді және салдары анағұрлым ауыр. Осы ретте Нұр-Сұлтан қаласындағы санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды қатаңдату бойынша шараларды қабылдауды тапсырамын, - деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ жалпы еліміздегі жағдай қалыпты дегенмен, көрші мемлекеттердегі жағдай анағұрлым күрделі. Осы ретте Үкімет басшысы мемлекеттік шекарадағы бақылауды күшейтуді және вакциналау қарқынын көбейтуді тапсырды.
Айта кететін жайт, қазіргі таңда 2,8 миллионнан астам адам вакцинаның бірінші компонентін, 1,7 миллионнан астам адам екінші компонентін салдырған.