Мамин Қазақстан-Моңғолия бизнес форумының ашылуына қатысты

11 Қазан 2019, 16:10
1913
Бөлісу:
Мамин Қазақстан-Моңғолия бизнес форумының ашылуына қатысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР премьер-министрі Асқар Мамин мен Қазақстанға ресми сапармен келген Моңғолияның премьер-министрі Ухнаагийн Хурэлсух Қазақстан-Моңғол бизнес форумының ашылуына қатысты, сондай-ақ, «Астана» халықаралық қаржы орталығына (АХҚО) барды.

«Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың саясатының арқасында Қазақстан-Моңғол қатынастарының ілгерілемелі дамуының негізі қаланды. Президент Қ. Тоқаев сыртқы саясаттағы сабақтастықты ұстана отырып, Моңғолиямен ынтымақтастықты тиімді дамытуға баса мән береді», — деді А. Мамин.

Үкімет басшысы Қазақстан мен Моңғолияның инвестициялық ынтымақтастықты, әсіресе, тау-кен, көліктік-логистикалық, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларында кеңейту үшін үлкен әлеуеті бар екенін атап өтті. 

А. Мамин екі елдің бизнесмендерін іскерлік байланыстарды белсенді түрде ретке келтіруге, бірлескен кәсіпорындар құруға және өзара тиімді ынтымақтастық жобаларын іске асыруға шақыра отырып, Қазақстанның инвестициялық ахуалы туралы айтып берді.

Өз кезегінде У. Хурэлсух Қазақстанның Тәуелсіздік жылдары және нарықтық экономикаға көшкеннен кейін экономиканың тұрақты дамуы мен қолайлы инвестициялық ахуалды қамтамасыз ете отырып, үлкен жетістіктерге қол жеткізгенін атап өтті.

«Бізде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту үшін елеулі мүмкіндіктер бар. Осы бизнес форум екі ел арасындағы іскерлік қатынастар мен экономикалардың дамуына серпін беретініне сенімдімін», — деді Моңғолияның премьер-министрі.

Форум аясында Қазақстан мен Моңғолияның іскерлік орталарының өкілдері екі елдің Үкіметтер басшыларының қатысуымен 8 құжатқа:

«Symbat Engineering» ЖШС және «Эрдэнэс алт ресурс» арасындағы қазақстандық тараптың Моңғолияда алтын мен күміс өңдеу бойынша аффинаж зауытын салу мен оның пайдалануға беру туралы келісімге қол қойды. Бұл жоба Қазақстанның Моңғолияға алғашқы ірі технологиялар инвестициясы болады; 

«Қазақстан Республикасының минералды шикізатты кешенді өңдеу бойынша Ұлттық орталығы» РММ мен моңғолдық «Коеус консалтинг» арасындағы «Ферросиликоалюминия» инновациялық қорытпасын өндіру зауытын салу» бірлескен кәсіпорнын құру туралы келісімге; 

Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Моңғолияның Ұлттық сауда-өнеркәсіп палатасының арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға;

«SCAT» әуе компаниясы» және Mongolian Airways Cargo LLC арасындағы ұшатын экипаждарды, жер бетінде қызмет көрсететін мамандарды оқыту, авиациялық техникалық қызмет көрсету туралы меморандумға;

«Антиген» ғылыми-өндірістік кәсіпорны» қазақстандық ЖШС мен «Глобал бизнес линк» моңғол компаниясы арасындағы ветеринарлық иммунобиологиялық препараттар мен диагностикалық тестілердің екіжақты экспорттық операцияларын дамыту, сондай-ақ, ветеринарлық препараттар өндірісі мен ветеринарларды оқыту орталықтарына бірлескен инвестициялар туралы меморандумдарға;

«Республикалық менеджмент жүйесін сертификаттау орталығы» ЖШС және «Ай Эм Эс Мон Сертф» ЖШБ арасындағы халықаралық стандарттар негізінде менеджент жүйесін сертификаттауда ынтымақтастық туралы келісімге;

«DOSFARM» ЖШС және «Монгол Эм Импэкс» ЖШБ арасындағы Моңғолия аумағында дәрі-дәрмектерді тіркеу, өткізу және ілгерілету саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. 

Форумға 200-ден аса адам — екі елдің іскерлік ортасының, ұлттық компанияларының, экономика саласындағы министрліктер мен ведомстволардың өкілетті өкілдері қатысты. Екі елдің сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылын дамыту перспективалары туралы ҚР ұлттық экономика министрі Р. Дәленов, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасының орынбасары Н. Бөкейханов, «ҚазАгро» Холдингі» АӨК АҚ, «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ өкілдері, Моңғолияның Ұлттық сауда-өнеркәсіп палатасының президенті О. Амартувшин, Моңғолияның азық-түлік, ауыл шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп министрі Ч. Улаан, Моңғолияның тау-кен және ауыр өнеркәсіп министрі Д. Сумъяабазар баяндама жасады. 

Форум қатысушылары өздерінің мүмкіндіктерін паш етіп қана қоймай, B2B (business-to-business) форматында әлеуетті серіктестермен жұмыс кездесулері мен келіссөздер жүргізді. 

Форум ашылған соң А. Мамин мен У. Хурэлсух АХҚО-ға барып, онда биржаны, сот пен халықаралық арбитраж орталығын дамыту жұмыстарымен танысты. 

Өзгелердің жаңалығы