Мамин ЕЭК алқасының төрағасымен ЕАЭО дамытудың өзекті мәселелерін талқылады

24 Ақпан 2020, 14:46
1232
Бөлісу:
Мамин ЕЭК алқасының төрағасымен ЕАЭО дамытудың өзекті мәселелерін талқылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР премьер-министрі Асқар Мамин биылғы ақпан айынан бастап, өз міндеттерін атқаруға кіріскен Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) алқасының төрағасы Михаил Мясниковичті қабылдады. 

Бұл туралы премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.
Өзіңіз білетіндей, еуразиялық интеграция идеясын Қазақстанның Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұсынған болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақтың одан әрі дамуына баса көңіл бөледі, - деді Мамин.   

ЕАЭО жұмыс істей бастаған кезеңнен бері Қазақстанның серіктес елдермен өзара саудасы 23,3%-ға – $16,3 млрд-тан $20,1 млрд-қа дейін өсті. ЕАЭО елдерінен келген инвестициялар ағымы $5,5 млрд асты, бірлескен кәсіпорындар саны шамамен 12 мыңға дейін, 2 есеге ұлғайды. 

Сонымен қатар, Үкімет басшысы ЕАЭО ішкі нарығының жұмысы аясында тым көп тосқауылдардың - 66 кедергінің бар екенін атап өтті.  

Кедергілерді жою, классикалық “төрт еркіндікті” (тауарлар, қызметтер, капитал, жұмыс күші) қамтамасыз ету және өзара сауда көрсеткіштерін арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізу қажет. Бұл іскерлік орталарға, жалпы, ЕАЭО-ға қатысушы елдердің тұрғындарына интеграциялық жобадан нақты пайданы сезінуге мүмкіндік береді, - деді Асқар Мамин.

Тараптар 2025 жылға дейінгі еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың стратегиялық бағыттары жобасының әзірлену барысын, ЕАЭО аясында техникалық реттеудің бірыңғай базасын жетілдіруді, сондай-ақ ЕЭК жұмысының регламентін сақтау мәселелерін талқылады. 

Кездесуге премьер-министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов, ҚР сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов және ЕЭК Алқасы төрағасы хатшылығының басшысы В. Зиновский қатысты.

Өзгелердің жаңалығы