Шетелдік мамандар күндізгі қысқа үйқының пайдасын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
AP басылымының хабарлауынша, АҚШ-та жұмыс уақытында мызғып алатындар көбейіп келеді. Кейбірі көлік ішінде, арнайы жалға берілетін ұйқы капсулаларында немесе үйден жұмыс істеген кезде төсекте қысқа демалыс жасайды.
Мұндай әдетке бейім адамдар Уинстон Черчилль мен Альберт Эйнштейн секілді әйгілі тұлғалардың тәжірибесінен шабыт алғанын айтады. Олардың пікірінше, қысқа ұйқы зейінді арттырып, өнімділікті күшейтеді.
Ғылыми зерттеулер де мұны растайды: қысқа мызғып алу есте сақтауды, назарды шоғырландыруды жақсартады. Испания мен Италияда түстен кейінгі “сиеста” дәстүрге айналған. Қытай мен Жапонияда жұмыс барысында қалғып кету еңбекқорлықтың белгісі деп саналады. Ал АҚШ-та керісінше - жұмыс кезінде ұйықтау жалқаулық деп қабылданады, тіпті мемлекеттік ғимараттарда оған тыйым салынған.
Дегенмен ұйқының пайдасын ашық айтатындар бар. PR фирмасының негізін қалаушы Марвин Стокуэлл аптасына бірнеше рет қысқа мызғып алатынын, содан кейін өзін әлдеқайда сергек әрі шығармашылық тұрғыда белсенді сезінетінін айтады.
Rush университетінің маманы Джеймс Роули тиімді ұйқының басты шарты - ұзақтық екенін атап өтті.
Көп адам ең пайдалы ұйқы - 15-20 минуттық ұйқы екенін біле бермейді. Ұзақ ұйықтап кеткен жағдайда адам шаршаңқы оянып, сергіп үлгермейді, – дейді ол.
Сингапур Ұлттық университетінің ғалымдары түстен кейінгі уақыт - ұйқы үшін ең қолайлы кезең екенін, ал кешкі сағат 18.00-ден кейінгі мызғып алу түнгі ұйқыны бұзуы мүмкін екенін атап өтті.
Кейбір компаниялар қызметкерлеріне арнайы жағдай жасап отыр. Мысалы, Ben & Jerry’s және HuffPost кеңселерінде ұйықтайтын бөлмелер бар. Ал Нью-Йорктегі Nap York стартапы ұйқы капсулаларын жалға беріп, дәрігерлер мен жүргізушілер секілді шаршаған адамдарға уақытша демалыс орнын ұсынады.
Мамандардың айтуынша, қысқа ұйқы - кофе ішуден әлдеқайда тиімді сергіткіш. Бірақ үнемі мызғып алуға мәжбүр адамдардың түнгі ұйқы режимін де қайта қарағаны жөн.