Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Хакім Абайға бір орталық арнау да артық етпейді, деп хабарлады 24.kz.
Абайтанушылар ұлы ақынның 175 жылдығы қарсаңында осындай бастама көтерді. Абай Құнанбаевтың шығармашылығын зерттеп жүргендердің айтуынша, елорданың төрінде Абай орталығы болуы керек. «Руханият алаңы» ғылыми-танымдық пікірталас клубына жиналғандар ақынның туған күніне қатысты да мәселе көтерді. Нақтырақ айтсақ, Абайдың туған күні туралы әркім әртүрлі айтады. Шығыс өңірі тамыздың жиырма үшінде атап өтсе, басқа жерлерде тамыздың онында тойланады. Абай шіліңгір шілдеде дүниеге келген дейтіндер бар. Отырыста осы мәселе біраз талқыға түсті. «Жалпы ұлы ақынның шығармашылығы тек бір күнде емес, жыл бойы насихатталуы керек», – дейді пікірталасқа қатысқандар. Сосын туған күнін де түрліше айтпай, бір датаға тоқталған жөн десті.
«Кәкітайдың баласы Әрхам Абайдың туған күні 10 тамыз деп бекітіп кеткен. Сол Әрхамның естелігіне сүйене отырып Абайдың 100 жылдық мерейтойы, Абайдың 150 жылдығы осы Абайдың тарихында оныншы тамыз болып қалды. Сондықтан біздің 10 тамызға деген құрметіміз жоғары болуы керек. Өйткені Абайдың әлемдік деңгейде тойланған тойы осы 10 тамызда өтті. Бірақ қолымыздан келіп жатса, Абайға жылына бір айды арнап жатсақ, осы тамыз айын, біраз дүниеге қолымыз жетер еді»,-дейді ақын Алмахан Мұхаметқалиқызы.