Маман жетіспейді, соның орнын толтыратын сауатты ұрпақ керек - әкім

17 Маусым 2023, 16:28
934
Бөлісу:
Маман жетіспейді, соның орнын толтыратын сауатты ұрпақ керек - әкім
Фото: автордан

Ақтау қаласында «Жеңістен жетістікке» атты дарынды оқушылардың форумы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Форумға халықаралық деңгейде өткен олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурсының, республикалық жарыстардың, республикалық пәндік олимпиадалардың жүлдегері атанған 168 оқушысы қатысты.

Жеңімпаз оқушылар өздерінің жетістікке жету жолдары туралы ой пікірлерімен бөлісті.

Маман жетіспейді, соның орнын толтыратын сауатты ұрпақ керек - әкім

Жарыс бар жерде жеңіс те, жеңіліс те болады. Оған мұқалмай, сынақтарға сынбай алға жылжу керек. Білімді, саналы ұрпақ болсақ, елімізді дамытамыз. Өзім Әбіш Кекілбаевтың шығармаларын, сөз орамдарын зерттеп жүрмін. 6-сыныптан бастап түрлі додаларға қатыстым. Білім – бәсеке. Кімнің дайындығы доғары, соның аты озады,– дейді IT мектеп-лицейінің оқушысы Фариза Өтесбай.

Мінбеде сөз алған дарындар: кітап оқу, мамандық таңдау, ұлттық құндылықтар, ғылымға құштарлық, менің өлкемнің экологиясы, Маңғаз өлкенің жауһарлары, адамның тұлға болып қалыптасуы, робототехника жайлы озық пікірлерін айтты.

Маман жетіспейді, соның орнын толтыратын сауатты ұрпақ керек - әкім

Салтанатты шарада облыс әкімі Нұрлан Ноғаев сөз сөйлеп, халықаралық олимпиада жеңімпаздарына құттықтау хат, 100 000 теңге ақшалай сыйлық сертификаттары, арнайы сыйлықтар табыстады.

Дарынды, білімді бала – ата-ана, ұстаз бен оқушының өзара үйлесімде жұмыс істегенінің жемісі. Елімізде білімге, ғылымға зор мүмкіндік жасалған. Маңғыстау өңіріне биылдың өзінде 1500 оқушыға нысаналы грант бөлінді. Одан бөлек әкім гранты тағы бар. Облыста біршама маман жетіспейді. Соның орнын толтыратын сауатты ұрпақ керек. Сендерге артылар сенім мол,– дейді облыс әкімі.

Сонымен бірге 9 -11 сынып оқушылары арасында өткен жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада жеңімпаздарына 75 000 теңге ақшалай сыйлық сертификаттары, арнайы сыйлықтар табысталды.

Басқа да республикалық олимпиадалар, ғылыми жоба конкурстары, техникалық пен шығармашылық байқаулардың жүлдегерлеріне құттықтау хат, 50 000 теңге ақшалай сыйлық сертификаттары, арнайы сыйлықтар табысталды.

Өлкеміздің жас экологтары Қарақия ауданы, №9 бастауыш мектептің оқушылары арнайы шақырылып, облыс әкімінің Алғыс хаты мен арнайы сыйлықтары табысталды.

Өзгелердің жаңалығы