Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қасиетті ораза айы - жақсылықпен жарысатын ай. Осы орайда жаһандық пандемияға байланысты жылдағы дәстүр бойынша Мақтаарал ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері мен аудандағы мешіттердің имамдары бірігіп ауызашар дастарханының орнына аз қамтылған 70 отбасыға жететін 1 тонна азық-түлік себеттерін таратты.
Аудан бойынша әлеуметтік осал топтағы отбасылардың тізімі жасақталды. Мұнда келе алмаған отбасылардың барлығының үйлеріне жеткізіп беретін боламыз. Ол үшін ауданымыздың ерікті жастары жұмылдырылған. Алдағы уақытта мұндай игі іс-шаралар жалғасын табатын болады, - деді Бақыт Насырханұлы.
Бұған дейін ауданның бас имамы Мансұр Айтмұхаметов ауданымызда эпидемиялық ахуалдың жақсара түсуі үшін дәл қазіргі уақытта ауызашар дастархандарының орнына мұқтаж отбасыларға азық-түлікпен көмек көрсетуге үндеген болатын. Осыған орай, Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановтың бастамасымен "Ауызашар себеті" атты қайырымдылық акциясы қолға алынды.
Акцияның мақсаты – ораза ұстаушылардың карантин режимін сақтауына жәрдемдесу, ауызашар бергісі келетіндердің ниетін жүзеге асыруына мүмкіндік жасау және мұқтаж отбасыларға көмек көрсету.
Айта кетейік, ауданның бас имамы Мансұр Айтмұхаметов коронавирусқа қарсы вакцина ектіру ешқандай да оразаны бұзбайтынын хабарлаған болатын.