"Астананың" жаңа ойыншысы Эбонг туралы не білеміз?

3 Ақпан 2020, 12:38
2451
Бөлісу:
"Астананың" жаңа ойыншысы Эбонг туралы не білеміз?
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі.«Астана» футбол клубы жақында Беларусь құрамасының 20 жастағы жартылай қорғаушысы Макс Эбонгпен келісімшартқа отырды. Барлығы жақсы болса, алдағы 4 маусымда бұл футболшы еліміздің алты дүркін чемпиондарының намысын қорғайды.

Көпшілікке Макс Эбонг деген есім қызық естілетін болар. Беларусь елінде мұндай футболшы қайдан жүр деген сұрақ туындауы мүмкін. Оның әкесі Камерун астанасы Яундеден Беларусьтің Витебск қаласында медициналық университетіне оқуға келіп түседі. Сосын жергілікті студент Натальямен танысып, отбасын құрған.

Ол футболмен Беларусьтың Витебскте айналысқан, алайда жасөспірім шағында Солигорскінің "Шахтер" командасынан шақырту алған. 2016 жылдың қараша айында алғашқы кәсіби келісімшартқа қол қойды. "Шахтердің" негізгі құрамындағы алғашқы ойынын 2018 жылдың 11 наурызында өткізген. Содан бері "Шахтер" сапындағы екі маусымда барлық турнирде 49 ойынға қатысып, гол+пас жүйесі бойынша 8 ұпай жинаған. Ол жартылай қорғаныстың кез келген шебінде ойнай алады. Сол үшін "кеншілердің" экс-бас бапкері Сергей Ташуевке алғысын айтатын болар. Екі жылдағы жалғыз жетістігі Беларусь кубогінің иегері атануы.

bye5415d19e00.jpg

Ол Беларусь жастар құрамасының көшбасшыларының бірі. Осыған дейін 9 ойын өткізіп, 1 гол соққан. Ал ұлттық құрама сапында жиі шақырту алып, Уэльс және Нидерланды құрамаларымен матчта алаңға шыққан. 

Тілші: «Астанадан» ұсыныс қашан түсті?

Макс Эбонг: "Астана" сапынан өзімді сынап көру туралы ұсыныс түсті. Сосын ойланып көрдім. Жақын адамдарыммен ақылдасып, жақсы мүмкіндік екенін түсіндім. Осылайша, команда сапына қосылдым. Енді менің мақсатым "Астанамен" Қазақстанның ішіндегі барлық титулды ұтып, Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнау. Осы мақсаттарға жету жолында жасыл алаңда бар күш жігерімді салуға дайынмын.

Тілші: Былтыр маусым айында Беларусьтың жастар құрамасымен бірге Гибралтарды жеңіп, арада 2 ай өткенде ұлттық құрама сапында Уэльспен ойында алаңға шықтың. Сол сәтте қандай сезімде болдың?

Макс Эбонг: Ондай ештеңе болған жоқ. Еуропа аренасында тәжірибе болған. "Шахтермен" УЕФА жасөспірімдер лигасында ойнадым. Ал Кардиффтегі ойынға келетін болсақ, жалпы сол кезде Белаурсь құрамасының кеңейтілген тізіміне енуімнің өзі тосынсый болды.Әрине, эмоция болғаны рас. Осыдан кейін бұдан да дайындығымды күшейтіп, түпікілікті тізімге қосылуға барымды салдым.

Тілші:Жарақат алып қаламын деген қорқыныш болмады ма?

Макс Эбонг: Тіпті ондайды ойлаған да жоқпын. Неден қорқасың, егер солай болып жатса, амал жоқ көнесің,  Сенімді түрде дайындалып, бәрі жақсы болатынына сендім. 

Тілші: Ұлттық құрамада саған 9 нөмір бұйырыпты...

Макс Эбонг: Қандай берді, соны алдым. Жалпы, мұндай детальдарға аса мән бермеймін. Ешқашан осында нөмірлі жейдені киемін деп талпынған емеспін. "Шахтер" сапында 99-нөмірмен ойнағанмын. Бұл менің туған жылым.

Тілші: Бала кезден футболға қатысты қандай сәт есіңде ерекше сақталып қалды?

Макс Эбонг: "Витебеск" бір кездері "Белшинамен" ойнағанмын. Алаң иелері сапында ол кезде Дмитрий Хлебосолов өнер көрсетіп жүрген. Ойынның соңғы минуттарының бірінде ол айып соққысынан дәл тоғыздықты көздеп, жеңісті жұлып алды. Оған дейін матч 0:0 болып тұрған. Сол сәттегі эмоциямызды айтып жеткізу қиын. Бұл 2015 жыл болатын.Әлі күнге дейін есімнен кетпейді.

Тілші: Трибунада отырғанда  "Витебск" сапында ойнауды армандадың ба?

Макс Эбонг: Әрине, тіпті алаңға қалай шығатыныма дейін қиялдап елестетінмін. Гол соққаннан кейін қалай қуану керектігін де ойластыратынмын.

Тілші: Доп, бутсы жағынан мәселе болмаған шығар?

Макс Эбонг: Менде спорттық жабдықтар болмаған кездер де болды. Менің бапкерім Владимир Войтехович аяқ киім беріп, сонымен жаттыққанмын. Ол кейде жаттығуға бару үшін ақшалай да көмектесті. Оның алдында ыңғайсыз болғанын білемін, бірақ сол үшін бапкеріме алғысым шексіз.

Тілші: Өз ақшаңмен алғаш рет қашан бутсы сатып алдың?

Макс Эбонг: Қателеспесем, 12 жасымда. Бүгінгі таңда ондай бутсылар 150 рубль тұрады. Сол «адидас» бутсымен 2 жыл ойнадым. Бала күнімде ол аяқ киімдер ұзаққа шыдайтын.

WhatsApp Image 2020-02-03 at 11.25.12 (1).jpeg

P.S. Жалпы, Эбонг Беларусьтің "Шахтер" командасынан "Астанаға" ауысып отырған алғашқы футболшы емес. Былтыр ақпан айында хорватиялық қорғаушы Лука Шимунович келіп қосылған.

Өздеріңізге белгілі, Қазақстан футбол федерациясының атқару кеңесі 2020 жылғы маусымда Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің ойыншылары легионер болып саналмайды дегенге келіскен болатын. Бұл одаққа Қазақстан, Ресей, Армения, Беларусь пен Қырғызстан кіреді. Сондықтан Макс Эбонг Қазақстан чемпионатында легионер болып саналмайды. 

Айтпақшы, Эбонгтан бөлек, Армения құрамасының жартылай қорғаушысы Тигран Барсегян да "Астана" жейдесін киді. 

Былтыр Қызылорданың "Қайсар" клубының жанкүйерлерінің сүйікті ойыншысына айналған армениялық Тигран Барсегян енді "Астананың" намысын қорғайды. 26 жастағы футболшы "Қайсардан" бөлек, өз отанында "Бананц", "Гандзасара", "Мика" және Македонияның "Вардар" командасының намысын қорғаған.

Тигран былтырғы маусымда "Қайсар" сапында Қазақстан кубогінде топ жарып, ел біріншілігінде сұрмергендер тізімінде алғашқы бестікте болған. Армения құрамасы сапында 28 ойын өткізіп, 5 гол соққан.

Тигранмен келісімшарт 2 жыл мерзімге жасалған.

Футболшы қос қапталда да ойнай береді. Әсіресе, оң жақпен шабуылдағанды жақсы көреді.


Өзгелердің жаңалығы