Франция президенті Эммануэль Макрон Лувр мұражайынан ұрланған зергерлік бұйымдар міндетті түрде табылып, қылмыскерлердің жауапқа тартылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Луврды тонау – бұл біздің тарихи және мәдени мұрамызға жасалған қастандық. Біз зергерлік бұйымдарды табамыз, ал кінәлілер сот алдында жауап береді, – деді Мемлекет басшысы X әлеуметтік желісінде.
Президенттің айтуынша, Париж прокуратурасының басшылығымен бұл іс бойынша барлық қажетті шаралар қабылдануда. Сондай-ақ Макрон жақын күндері Луврдағы қауіпсіздік жүйесін күшейтуге уәде берді.
Бұған дейін «Ұлттық бірлестік» партиясының жетекшісі Джордан Барделла мұражай коллекциясының бір бөлігінің ұрлануын «Франция үшін адам төзгісіз қорлау» деп атаған болатын.
Париж прокуроры Лор Беконың мәліметінше, төрт қылмыскер мұражайға гидравликалық көтергіш арқылы кіріп, Аполлон галереясындағы тоғыз зергерлік бұйымды ұрлап кеткен. Олардың арасында Наполеон III-нің жұбайы, императрица Евгенияға тиесілі 1354 гауһар тастармен көмкерілген тәжі де болған.
Тергеу мәліметіне сай, тонау кәсіби түрде ұйымдастырылған. Қылмыскерлер мен ықтимал тапсырыс берушілердің арасында шетел азаматтары болуы мүмкін деген болжам бар.