Ақмола облысындағы Макинск құс фабрикасында қазандықтың газ буландырғыш учаскесінде жазатайым оқиға болып, жұмысшы зардап шеккен, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алдын ала мәлімет бойынша, газ жабдықтары орналасқан учаскеде жазатайым оқиға болған. Өрт шықпаған. Алайда қазандық слесарі зардап шеккен. Ер адамның беті мен екі қолын күйік шалған.
Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, ол хирургия бөлімшесіне жатқызылды. Дәрігерлердің айтуынша, зардап шегушінің жағдайы қанағаттанарлық.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
2026 жылдың 2 сәуірінде Ақмола облысының еңбек инспекциясы департаментіне «Макинск Құс фабрикасы» ЖШС ЕҚжЕҚ қызметінің инженері тарапынан қазандықтың газ буландырғыш учаскесінде жазатайым оқиға болғаны туралы хабарлама түсті. Оқиға бойынша Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаментімен арнайы тергеп-тексеру тағайындалып, жүргізілетін болады, - деп хабарлады Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті.
Еске салайық, бұған дейін Павлодар зауытында зардап шеккен келіншек жансақтау бөлімінде жатқаны хабарланды.