Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов коронавирусқа қарсы вакцина салдырды.
Бүгін «Геолог емханасына» барып, коронавирусқа қарсы вакцина алдым. Дәрігерлеріміз алдымен тіркеуден өткізіп, дене қызуым мен қан қысымымды өлшеуден бастап толық медициналық тексеру жасады. Одан кейін ғана Қарағанды фармацевтика зауытында шығарылған "Спутник-V" вакцинасын салдырттым. Вакцинадан кейін жарты сағат арнайы бөлмеде мамандар бақылауында болдым. Қазір жағдайым жақсы, ешқандай жанама әсерлері байқалған жоқ. Мамандар екпе салынған жерге су тигізбей, жылы ұстап, күтініп әрі сақтық шараларын ұстанып жүруге кеңес берді, - деп жазды облыс басшысы facebook-тегі парақшасында.
Облыс басшысы бүгін жексенбі екеніне қарамастан, емханаға вакцина алушылар келіп жатқанын айтты. Дәрігерлер халықтың жас-кәрі демей вакцина алуға деген белсенділігі жақсы екенін айтып отыр.
Вакцина алу арқылы ғана ұжымдық иммунитет қалыптасып, қауіпті індеттен толық құтылатынымызды түсінгендеріңіз маңызды. Қазір өңіріміз қызыл аймақта тұр. Сақтық талаптарын сақтай отырып, сіздерді де вакцина алуға шақырамын. Жақындарамыз бен айналамыздағыларды қорғау да, өздеріңіздің қорғануларыңыз үшін де — коронавирусқа қарсы вакцина алу өте маңызды. Қауіпті індетпен күресіп әрі вакцинациялау жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатқан медицина қызметкерлерінің барлығына алғысымды білдіремін, - деп жазды ол.