Магний ұйқы сапасын жақсарта ма?

Ұйқы сапасын жақсартуға көмектесуі мүмкін табиғи комбинация жөнінде жаңа зерттеу жарияланды.

 depositphotos.com 23 Ақпан 2026, 17:22
23 Ақпан 2026, 17:22
502
Фото: depositphotos.com

Ұйқы сапасын жақсартуға көмектесуі мүмкін табиғи комбинация жөнінде жаңа зерттеу жарияланды. Food & Function (F&F) ғылыми журналында жарық көрген мақалада магний мен түймедақ гүлінің құрамындағы апигенинді қатар қолдану ұйқы ұзақтығын арттыруы ықтимал екені айтылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Зерттеу аясында ғалымдар апигенин флавоноиды мен магнийді біріктіріп, жануарларға тәжірибе жүргізген. Нәтижесінде екі компонентті бірге қолдану олардың әрқайсын жеке пайдалануға қарағанда айқынырақ әсер көрсеткен.

Эксперимент деректеріне сәйкес, қалыпты жағдайда жануарлардың ұйқы ұзақтығы 44 пайызға артқан. Кофеин әсерінен мазасыздану туындаған топта ұйқы уақыты 32 пайызға ұзарған. Ал арнайы индукцияланған ұйқысыздық моделінде бұл көрсеткіш - 37 пайыз. 

Ғалымдар бұл құбылысты «синергиялық әсер» деп түсіндіреді. Яғни екі заттың қосындысы олардың жеке әсерінен күштірек нәтиже береді.

Механизм тұрғысынан алғанда, зерттеу авторлары магний мен апигенин қабынуды қоздыратын цитокиндердің деңгейін төмендетуі мүмкін екенін көрсетеді. Әсіресе гипоталамустағы нейроқабыну азайған. 

Гипоталамус – ұйқы мен сергектік циклін реттейтін мидың негізгі орталығы. Қабыну деңгейінің төмендеуі жүйке жүйесінің тұрақтануына және терең ұйқы фазасының қалыптасуына ықпал етуі ықтимал.

Дегенмен бұл зерттеу әзірге тек жануарларға жүргізілгенін ескеру қажет. Сондықтан оның адам ағзасына әсері жөнінде нақты қорытынды жасауға әлі ерте. Мамандар болашақ клиникалық зерттеулер ғана бұл комбинацияның қауіпсіздігі мен тиімділігін нақтылай алатынын атап өтеді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, қытайлық ғалымдар адамның шаш құрамын талдау арқылы ағзадағы өзгерістерді анықтауға болатынын мәлімдеді. Бұл тәсіл Паркинсон ауруын ерте кезеңде айқындауға көмектесуі мүмкін.

Жанерке Жәкен

Наверх