Магистратураға түсуге арналған тестілеуге өтініштер қабылданады

29 Мамыр 2024, 15:38
512
Бөлісу:
Магистратураға түсуге арналған тестілеуге өтініштер қабылданады
Фото: Арман Мухатов - архив

Магистратураға түсу үшін кешенді тестілеуге қатысуға өтініштер 1 маусымнан 8 шілдеге дейін қабылданады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Тіркелу Ұлттық тестілеу орталығының сайтында жүргізіледі, тестілеу 20 шілде мен 10 тамыз аралығында өтеді.

Үміткерлер тестілеуден өткісі келетін қаланы өздері таңдай алады. Өтініштерді қабылдау мерзімі аяқталғанға дейін білім беру бағдарламаларының тобы, тілі және тестілеуді тапсыру орны бойынша өтінішке өзгерістер енгізу мүмкіндігі бар.

Ғылыми-педагогикалық магистратураға түсу үшін кешенді тестілеу электрондық форматта өтеді және үш бөлімнен тұрады: шет тілі бойынша тест, оқуға дайындығын анықтауға арналған тест және білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест. Барлығына 3 сағат 55 минут беріледі. Шекті балл – 75 балл.

Шығармашылық мамандықтар бойынша бейінді магистратураға түсушілерден құжаттар қабылдауды 1 маусым мен 8 шілде аралығында жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары жүзеге асырады.

Биыл бейінді магистратураға түсу ережелеріне өзгерістер енгізілді. Енді бейінді магистратураға түсуге ниетті үміткерлер «Оқуға дайындығын анықтауға арналған тест» бөлімінен босатылды. Осылайша, олар тек білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест тапсырады. Шекті балл кемінде 30 балл, оның ішінде әрбір бейінді пән бойынша кемінде 7 бал алу керек.

Сондай-ақ, басшы лауазымында кемінде бес жыл өтілі бар немесе білім беру бағдарламасының бейініне сәйкес мамандығы бойынша кемінде 10 жыл еңбек өтілі бар тұлғалар бейінді магистратураға ақылы негізде әңгімелесу нәтижелері бойынша қабылданады, - деді Ғылым және жоғары білім министрлігі.

Кешенді тестілеу нәтижелерімен келіспеген жағдайда түсушілер тестілеу аяқталғаннан кейін онлайн апелляцияға бере алады.

Магистратураға түсушілер 13 мыңға жуық білім беру грантына үміткер бола алады.

Өзгелердің жаңалығы