81 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен дзюдоист Мәди Амангелді Эр-Риядта өткен Ислам ынтымақтастығы ойындарындағы ақтық сындағы белдесуден кейін өз әсерімен бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Шешуші айқаста ол Түркия спортшысы Ведат Албайраққа жол берді. Спортшының айтуынша, қарсыласы тәжірибелі әрі мықты дзюдоист болған.
Финалда сәл асығыстық танытып, бапкерлердің нұсқауын толық орындай алмадым. Соның салдарынан жеңіс қолдан кетті. Шынымды айтсам, бұл жаққа алтын үшін келдім. Елімнің сенімін ақтағым келді, абыройын биік көрсеткім келді, – деп ағынан жарылды Мәди Амангелді.
Ол бұған дейін де Албайрақпен татамиде кездескенін айтты.
Өте тәжірибелі спортшы, әлем чемпионы. Қарсылас ретінде өте мықты. Бірақ менде де күш те, дайындық та жеткілікті болды. Енді тактикалық жағынан көбірек жұмыс істеу керек, – деді дзюдоист.
Еске салайық, Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядта VI Ислам ынтымақтастығы ойындары өтіп жатыр. Жарыста Қазақстан құрамасының намысын 100-ден астам спортшы қорғауда.