Мәдениет саласындағы объектілер турист баратын орынға айналуы керек – Дәурен Абаев

28 Ақпан 2022, 12:02
1168
Бөлісу:
Мәдениет саласындағы объектілер турист баратын орынға айналуы керек – Дәурен Абаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілісте өтіп жатқан ішкі туризмнің проблемалары мен даму перспективаларына арналған «Үкімет сағатында» Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев депутаттың сауалына жауап берді.

Депутат Әлия Сапарова соңғы кездері жекешелендіруге жататын мәдениет ұйымдарынан өтініштер көптеп түсіп жатқанын айтты.

Оның себебі бұл мәдениет ұйымдардың жеке қолға белсенді түрде өткізіліп жатқандығы болып отыр. Түсінгенімізше, мұндағы басты мақсат – бюджетті рентабельді емес ұйымдардан арылту. Ал егер олар шын мәнінде ешқандай пайда таппайтын болса, онда олар қалай рентабельді ұйымға айнала алады? Бұл ұйымдардың меншік нысанының өзі олардың қызметін барынша шектеп тұр. Негізінде дәл осы мәдениет ұйымдары Қазақстанның туристік картасында басымдыққа ие болып, осы салада бәсекеге қабілеттікті арттыра алады. Мәселен, мұражайлар икемді баға белгілеп, азық-түлік сауда нүктелерін, кәдесыйлар сататын дүкендер, фото және бейне студиялар ашса, сол туристерді тартатын орталыққа айналар еді, - деді Мәжіліс депутаты.

Осы ретте депутат Әлия Сапарова былай деп сұрақ қойды.

Министрлік мұражайларды жеке ұйымдарға сенімгерлік басқаруға беруді, олардың меншік нысанын өзгертуді қарастырып жатыр ма? – деп сұрады Әлия Сапарова министрден.

Өз кезегінде Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев депутаттың сұрағына жауап берді.

Жоқ, қарастырып жатқан жоқпыз. Қазір мәдениет саласындағы бірде-бір мекемені жекеменшікке беру мәселесі бойынша біздің тарапта (министрлік – ред.) ондай сұрақ тұрған жоқ. Оларды жекеге бермей, өзіміз дамытуымызға бар күш-жігерімізді саламыз. Бұл туризм мен мәдениет саласының бір министрлікте болғанының жақсы нышаны. Өйткені, мәдениет саласындағы объектілер турист баратын орынға айналуы керек. Ол бойынша тиісті жұмыс істеп жатырмыз, - деп айтты министр.

Абаев мұражай бойынша Ұлттық экономика министрлігімен брге талқылап жатқанын атап өтті. 

Қазір жағдай қандай? Егер мұражай пайда тапса, ол ақшаны олар (музей – ред.) бюджетке жібереді. Сондықтан өз пайдасына жаратуға мүмкіндік болмай тұр. Біз енді соны қарастырып, өзгерістер енгізсек, мұражайларға кәдесыйлар дүкеншігін ашып, шеберханалармен бірлесіп жобалар жүзеге асырып, содан пайда тапса, табысты музейдің дамуына жарата алады. Бұл музейлер арасындағы бәсекелестікті арттырып, дамытуға жол ашады, - деп толық жауап берді Мәдениет және спорт министрі.

Өзгелердің жаңалығы