Ақтау, BAQ.KZ тілшісі. Карантинге жабылған аймақ тұрғындары бұл өзгерістерді сәуір айына келетін төлем түбіртектерінен көре алады.
Төтенше жағдай тәртібінде өмір сүріп жатқан маңғыстаулықтар үшін коммуналдық тарифтердің қалай төмендетілгені жайлы Ақтауда өткен арнайы брифингте табиғи монополияларды реттеу комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің өкілі түсіндіріп берді.
Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы наурыз айының 23-де коронавирус індетін және дағдарысқа қарсы шаралардың жағдайы талданған жиында айтылған тапсырмасына орай 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап облыс халқы үшін коммуналдық тарифтер келесідей бағыттар бойынша төмендетілді. Аймақтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етіп отырған басты кәсіпорынның бірі – "Маэк-Қазатомпром" серіктестігі ақтаулықтар тұтынып отырған жылуға тарифті 6,28 процентке төмендетті. Енді жылудың бір Гкалы қосымша құн салығын қоспағанда 2 мың 242 теңге деп бекітілді, - дейді депармант басшысының міндетін атқарушы Кенжеболат Көшекбаев.
Оның айтуынша, облыс орталығының тұрғындарынан 1 сәуірден бастап тұтынған ауыз судың бір текше метріне 188 теңге, ыстық суға 171,52 теңге, техникалық суға 90, 43 теңге төлеуі сұралады.
Қаладағы жылу, су құбырларының күтімі, ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарына жауапты "Каспий жылу, су арнасы" мекемесі де суды бұру қызметі үшін тарифті 54,06 теңгеден 48,65 теңгеге төмендеткен.
Мұндай оң өзгерістерді мұнайшылар қаласының тұрғындары да мамыр айында келетін төлем түбектектерінен байқай алады.
Жаңаөзендіктер үшін қаланы жылумен және сумен жабдықтаушы мекемелер коммуналдық тарифті 10 пайызға төмендетті.
Маңғыстау облысындағы ең жас аудан Мұнайлы тұрғындарына қызмет көрсетіп отырған "Маңғыстау жылу" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының өкілдері де жылудың бір Гкалын қосымша құн салығын қоспағанда тарифін 2376,12-ден 2138,5 теңгеге немесе 10 процентке төмендеткенін мәлімдеді.
Аймақ тұрғандары үшін келесі жағымды жаңалық – өңірлік табиғи монополияларды реттеу департаменті жоғары аталған мекеме-кәсіпорындарға карантин режимі кезеңінде тұрғындардың берешегіне қарай тұрғын үй-коммуналдық қызметтерді тоқтатпауын сұрап, ұсыныс хат жолдаған.