Ақтау, BAQ.KZ тілшісі. Жергілікті бизнес-орта былтыр жалпы сомасы 792 млрд теңгенің өнімін шығарған. Бұл туралы аймақ әкімі Ералы Тоғжанов халықпен есептік кездесуінде айтты.
Жеке кәсіп иелері өткен жылы 2,2 миллиард теңгеге шағын несие рәсімдеген. «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында 210 жобаға 1,5 млрд теңге субсидия берілді. «Нұр Капитал» аймақтық бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банк филиалдары құны 3,6 млрд теңгені құрайтын 200 жобаны қараған. Олардың арасынан 60 жоба 1,2 млрд теңгеге қаржыландырылып отыр.
Тоғыз жолдың торабында орналасқан Маңғыстау облысы тәуелсіздік жылдары орталық көліктік-логистикалық торапқа айналды. Бүгінгі таңда Шетпе-Бейнеу, Қияқты-Тұщықұдық жолдарын қайта жаңарту жұмыстары аяқталып тұр. Бұдан басқа, биыл тағы екі жаңа жоба іске асырылмақ. Олар - «Ата Жолы» жолы мен Мұнайлы ауданының Басқұдық елді мекенінен Ақтаудағы халыққа қызмет көрсету орталығына дейінгі көлік даңғылы.
Қазақ елінің екінші теңіз айлағы - Құрық портының бірінші кезегі іске қосылды. Былтыр стратегиялық маңызды кешеннен жүк тасымалдаудың жалпы көлемі 1,8 млн тоннаны құрады.
Мемлекеттік қолдау әрі жеке инвестиция тартудың арқасында шалғай өңірде тұрғын үйлерді пайдалануға берудің жоғары қарқыны байқалады. Мәселен, 2018 жылы Маңғыстау облысы тарихында алғаш рет 1,2 млн шаршы метр тұрғын үй қолданысқа қосылды. Бұл, өз кезегінде 1 шаршы метр тұрғын үй құнының орта есеппен 170 мың теңгеге дейін төмендеуіне оң ықпал етті.
«7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы бойынша екінші деңгейдегі банктер 2,1 млрд теңгеге 262 өтінімді мақұлдады. Бұл, 6 мыңнан астам пәтер деген сөз. Олардың басым бөлігі осы бағдарлама бойынша сатылатын болады. Сондай-ақ өңір экономикасын дамытуға баламалы энергия көздерін енгізу маңызды. 2018 жылдың 1 мамырында Мұнайлы ауданының Батыр ауылында құны 1,2 млрд теңге болатын қуаты 2 МВт күн электр станциясы іске қосылды. Биыл Ақшұқыр ауылында қуаты 5 МВт жел электр станциясын іске қосу жоспарлануда. Форт-Шевченко қаласында қуаты 43,6 МВт жел электр станцияларын іске қосу бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Түпқараған ауданында қуаты 42 МВт жел электр станцияларын салуды жоспарлап отырмыз» - деді Ералы Тоғжанов.