Маңғыстау облысында балық шаруашылығы қарқынды дамып келеді

10 Қазан 2020, 18:23
2613
Бөлісу:
Маңғыстау облысында балық шаруашылығы қарқынды дамып келеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов Түпқараған ауданына қарасты Ақшұқыр ауылында орналасқан өңірдегі жалғыз бекіре фермасына барып, бірқатар қаруа қожалығымен кездесті, деп хабарлады Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Kazakh osseter ғылыми-өндірістік кәсіпорны 2014 жылдан бері ерекше тұқымдас балық өсіре бастады. 2015-2017 жылдары салмақтары нормативке сай 10 000 дана бекіре тұқымдас балық сатылды.

Соңғы 3 жылда 52 тонна балық өндірілді. Бүгінде бекіре фермасы өз өнімін бүкіл Қазақстан аумағы мен шет елдерге жөнелтеді. Бірнеше жылдан бері тауар Ресей мен Грузияға жіберіліп жатыр. Өткен жылы компания 9 тонна бекіре балығын сатылымға шығарды. Оның 1,5 тоннасы экспортқа кетті. Осы жылдың 1 тоқсанында 2,5 тонна сатылды. Қазіргі уақытта ферманың 38 бассейнінің әрқайсысында орыс, Сібір бекіресінің шабақтары, белуга, стерлет және басқа бекіре тұқымдас будандар өсірілуде, - делінген хабарламада.

Кездесу барысында балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер облыс әкіміне шаруашылықтары бойынша таныстырылым жасап, мәселелерін ортаға салды.

«Сегізбай Ата ауылшаруашылық кооперативі» ӨК Маңғыстау ауданы Шетпе кентінде 2017 жылы өз кәсібін бастаған. Ең алғаш түйе, жылқы, қой еттерін консервілеуден бастап, кейін балық консервілеу жұмыстарына көшкен. Бүгінгі таңда өндірістік кәсіпорында 2 цех, 10 және 5 тонналық тоңазытқыш камерасы, балық тазалайтын орын және күніне 400 дана консервілеу жүргізетін аппарат қолданылады. Сонымен қатар, сыйымдылығы 500 кг ыстау камерасы орналасқан.

2018 жылы «Caspian Fish @ 12» кәсіпорны «Даму» РМФ» АҚ қолдауымен Nur Kapital бағдарламасымен субсидия алып, Қарақия ауданы Теңге ауылында балық өнімдерін өңдеуге арналған үлкен ғимарат салды. Негізгі мақсаттары: балық өнімдерін өңдеу, бөлшектеу, кептіру, тұздау. Кәсіпорында Ресейден әкелінген сыйымдылығы 25 тн мұздатқыш және 5 тн тоңазытқыш камера, сыйымдылығы 200 кг ыстау және 150 кг кептіру камерасы орналастырылған.

Облыс әкіміне таныстырылым жасаған шаруа қожалықтары өз кәсібін ары қарай дөңгелетуге қажетті мәселелерін айтып, қолдау көрсетуді сұрады. Аймақ басшысы өз кезегінде әр мәселесі жеке қаралып, тиісті шаралар қабылданатынын айтты. 

Өзгелердің жаңалығы