Мақтааралдың үздік диқандары марапатталды

13 Қараша 2019, 00:30
3438
Бөлісу:
Мақтааралдың үздік диқандары марапатталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мақтаарал ауданында күзгі жиын-терім науқанының аяқталуына арналған “Алтын күз-2019” іс-шарасы өтті. 

Жергілікті әкімдіктің баспасөз қызметінен хабарлағандай, салтанатты кеште сахна төріне көтерілген аудан әкімі Бақыт Асанов 10 айдың қорытындысымен ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 29 миллиард теңгеден асқанын атап өтті. 

Өңір басшысы саладағы кез келген өнім түрінен өсім байқалғанын тілге тиек етіп, ол үшін жаздың аптап ыстығына, қыстың ызғарлы суығына қарамай еңбек еткен шаруалар мен диқандар қауымына үлкен алғысын айтты. Сонымен қатар әр өнім бойынша үздік нәтиже көрсеткен озаттарды арнайы дипломмен және бағалы сыйлықтармен марапаттады.

Сіздермен алтын күз мерекесі аясында кездесіп отырғаныма өте қуаныштымын. Әсіресе, бұл мереке ала жаздай еккен егінін жинап алған диқандарымыз бен шаруаларымыз үшін айрықша деп ойлаймын. Осынау қуанышты күні Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, елімізге тыныштық тілеймін. Алтын күз мерекесі құтты болсын!, - деді Бақыт Асанов.

Айта кетейік, былтыр ауа-райының қолайсыздығы мен мақта зиянкестерінің көп болуына қарамастан, ақ алтыннан 96 мың т өнім жиналды. Орташа өнімділік 25 ц құрады. Ал бүгінде аудандағы мақта қабылдау бекеттеріне 100 мың тоннаға жуық ақ алтын жиналып, былтырғыдан қарағанда көрсеткіш едәуір өсіп отыр.

Маусым кезінде күн сайын 200-300-ге тарта қауын-қарбыз тиелген жүк көліктері ТМД елдеріне, Прибалтика елдеріне, Түркия, Германия, Греция елдеріне жол тартады. Биыл мақтааралдық диқандардың тынымсыз еңбекгінің арқасында бақша дақылдарынан 291 363 т өнім өндірілді.

Сол секілді ауданның еңбекқор диқандары биыл 46 132 т көкөніс, 62 775 т мал азықтық дақылдарды, 234 т бидай, 667 т жеміс-жидек, 9 450 т күріш, 299 тонна маш, 957 т жүзім өндіріп, оның басым көпшілігін экспортқа шығарды.

Биыл жылыжайлар көлемін қосымша 5 гектарға ұлғайту тапсырмасы берілген болса, қазіргі уақытта 5,5 гектар жерге жылыжайлар құрылып, тапсырманы орындау 109%-ға жеткен. Сондай-ақ, 60 гектар алқапқа жаңадан жүзім көшеттерін отырғызуға және 50 гектар алқапқа тамшылатып суару технологиясын ендіруге тапсырма беріліп, екеуі де 100%-ға орындалды. Ал, 2019 жылы 94 дана ауыл шаруашылығы техникаларын алу тапсырмасы берілген болса, 10 айдың қорытындысы бойынша 124 дана техника, құрал-жабдықтар мен түрлі агрегаттар алынған.



Өзгелердің жаңалығы