Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Парламент Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің жаңа төрағасы сайланды.
Осыған дейін аталған комитеттің төрағасы қызметін Гүлшара Әбдіқалықова атқарған болатын. Жақында Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен ол Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалды.
Сондықтан Мәжілістің жалпы отырысында депутаттың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды.
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин әріптесіне бірге атқарған жұмыс үшін алғыс айтты.
Біздің әріптесіміз үлкен қызмет жолынан өтті. Көптеген лауазымды абыроймен атқарды. Жаңа қызметте қасиетті Қызылорда облысының дамуы үшін аянбай еңбек етеді деп сенеміз. Осы жерде ерекше айта кету керек, егемен еліміздің тарихында алғаш рет әйел адам облыс әкімі болып тағайындалды, - деді Нұрлан Нығматулин.
Осыдан кейін Нығматулин әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасына Бейбіт Мамыраевтың кандидатурасын ұсынды.
Комитет төрағасы лауазымына Бейбіт Мамраевтың кандидатурасын ұсынамын.Ол кісіні жақсы білесіздер, бұған дейін көптеген жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Соңғы бірнеше жыл бойы Мәжіліс депутаты, соның ішінде осы Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы болып, маңызды заңдарды қабылдауға өз үлесін қосып келеді. Осы салада білімі де, тәжірибесі де мол. Сондықтан аталған комитетті басқару үшін Бейбіт Баймағамбетұлы лайықты деп есептеймін,- деді Мәжіліс төрағасы.