Мәжіліс жаңартылатын энергия көздері саласындағы инновациялар енгізуді қабылдады

7 Қазан 2020, 11:15
1152
Бөлісу:
Мәжіліс жаңартылатын энергия көздері саласындағы инновациялар енгізуді қабылдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау және электр энергетикасы мәселелері бойынша заң жобасы қабылданды.

Заң жобасы маневрлік қуаттар салуды ынталандырады. Бүгінгі күні елімізде электр қуатының профициті бар. Ол шамамен 3000 МВт құрайды. Дегенмен қазіргі уақытта маневрлік қуаттар тапшылығы байқалады. Тәуліктің кешкі уақытында жоғарылауына және түнгі уақыттарда төмендеуіне байланысты электр энергиясын біркелкі тұтынбау электр станцияларының жедел ауыспалы жұмысы тәртібін талап етеді. Осыған байланысты заң жобасында генерацияның маневрлік режимі бар қуаттарды салу үшін тартымды жағдайлар жасау ұсынылады, - деді заң жобасын таныстырған депутат Шавхат Өтемісов. 

Оның айтуынша, бұл қадам өндіріс-тұтыну теңгерімсіздіктерін реттеуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. 

Бұл ретте жобаларды іріктеудің аукциондық тетігі қолданылатын болады. Осылайша Қазақстанның электр энергетикасы жүйесінің сыртқы көздерге тәуелділігі төмендейді. Сонымен қатар, реттеу бойынша көрсетілетін қызмет үшін бүгінгі таңда Ресейге кетіп жатқан қаражат елімізде қалады. Ал бұл - жыл сайын шамамен 10-12 млрд теңге,- деді депутат.

Бұл мақсатта ұсынылып отырған шаралардың қатарында жаңартылатын энергия көздерінің электр энергиясын сатып алуға арналған келісімшарттың қолданылу мерзімін 15 жылдан 20 жылға дейін ұлғайту көзделген екен. 

Сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерінің электр энергиясын сатып алуды жүзеге асыру мерзімін 5 жылға ұзарту ұсынылады. Ол инвесторға аукциондық сауда-саттықта неғұрлым төмен тарифтерді ұсынуға жағдай жасайды. Бұл өз кезегінде тұтынушылардың шығындарын төмендетуге мүмкіндік береді. Жаңартылатын энергия көздері жобалары алдындағы төлемдер бойынша өз міндеттемелерін орындамау жағдайы кездесуі мүмкін. Мұндай жағдайда заң жобасында Үкімет тарапынан қаржы-есеп айырысу орталығына көмек көрсету туралы норма ұсынылған, - дейді Шавкат Өтемісов.


Өзгелердің жаңалығы