Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мьянманың мемлекеттік кеңесшісі мен басшысы Аун Сан Су Чжиге рацияларды заңсыз әкелді деген айып тағылып отыр. Полиция тінту жүргізіп, құрылғылар елге заңсыз әкелінгенін және арнайы рұқсатсыз пайдаланылғанын хабарлады. Әзірге тергеу амалдары жүргізілуде, мемлекеттік кеңесші екі аптаға үйқамаққа алынды.
Мьянмада 1 ақпанда әскери күштер елді бақылауға алғаннан кейін төтенше жағдай жарияланды, деп жазады ru.euronews.com. Олар қараша айында парламенттік сайлау нәтижесін бұрмалау туралы мәлімдеді. Содан кейін, ресми мәліметтер бойынша, Аун Сан Су Чжи бастаған билеуші партия жеңіске жеткен болатын.
Ел тұрғындары төңкерісті қолдамайды. Наразылық білдіру мақсатында медицина қызметкерлері қызыл лента тақса, қалған тұрғындар көшеге қазан, бақырларын алып шығып, келіспеушіліктерін шу арқылы білдіруде.
Наразылық білдірушілердің бірі Нве Нве Тун бұл жағдайды халықаралық қоғамдастықтардың білгені дұрыс деген пікірде.
Біз кеше түнде шеруге таба алып шықтық. Мұндай әрекетке барған себебіміз – қазіргі қолдан келетіні осы ғана. Көшеге өзге азаматтармен бірге шыққаныма қуаныштымын және елдегі жағдайды халықаралық қоғамдастық білсе деймін. Біз әскерилерге қарсы тұра алмаймыз. Күшіміз тең емес, - дейді ол.
Халықаралық қауымдастық азаматтарды қамауға алуға қатысты алаңдаушылық білдірді. Бұған дейін Еуропа басшылары елде болып жатқан жағдайды айыптаған еді, ал қазір Жапонияда мыңдаған наразылық білдіруші жиналып, өз үкіметін Мьянмадағы төңкеріске байланысты шаралар қабылдауға шақырды.