Мәулен Әшімбаев ақтөбеліктермен кездесті

29 Наурыз 2019, 14:42
2775
Бөлісу:
 Мәулен Әшімбаев ақтөбеліктермен кездесті
PHOTO
Фото: автордан

Ақтөбе, BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбеге жұмыс сапарымен "Nur Otan" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев келді. "Халыққа көмек" жобасы аясында ол алдымен өңір тұрғындарымен кездесіп, мәселелерін тыңдады.

"Nur Otan" партиясының кезекті XVIII съезінде партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың берген тапсырмаларының орындалуын бақылау мақсатында Ақтөбеге партия төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев келді. Өңір  филиалындағы қоғамдық қабылдау бөлмелерін аралап, тұрғындардың мәселелерін тыңдады. Ақтөбеде Біріңғай әлеуметтік терезе жүйесі арқылы көмек көрсетіледі. Яғни, партия ғимаратында облыстық басқарма басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен заңгерлер күн сайын ақтөбеліктердің арыз-шағымдарын тыңдайды.

 Мәулен Әшімбаев ақтөбеліктермен кездесті

«7 жастағы баламды өзім тәрбиелеп отырмын. Пәтер жалдап тұрамын. Жұмыс жасауым керек. Партия өкілдерінен баламды интернатқа орналастырып, өзімді жұмысқа тұрғызуды сұрап келдім. Пәтер мәселесін шешуге де көмек көрсетілсе деймін. Интернат мәселесін шешті. Енді баспана алуға қолдау білдірсе жақсы болар еді»,-деді қала тұрғыны Гүлжайнар Бисембаева.

«Ақтөбелік келіншектің мәселесі қазір қаралып жатыр. Пәтер алу шаралары заңды жолмен жүргізіледі. Әуелі жұмысқа орналасу керек. Банктен төлеу қабілеті расталса, шешуге болады»,-деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

«Халыққа көмек» жобасы аясында Ақтөбеде жыл басында 5 мыңнан астам тұрғын қоғамдық қабылдауда болған. Өтініш-тілектерінің дені – баспана, жер, жұмыс мәселелеріне, атаулы әлеуметтік көмекке қатысты. Қазір қоғамдық қабылдаулар шаһардың бірнеше жерінде адамдарды қабылдайды. Аймақ басшысының сөзінше, тұрғындарға әлеуметтік көмек беру үшін қаржы да бөлініп, мамандар да кеңес беру қызметтерін атқарып жатыр.

«Қазір партия халық пен билікті байланыстырушы алтын көпір секілді. «Халыққа көмек» партия жобасының маңызы зор. Елбасының арнайы тапсырмасы бойынша жүзеге асырылады. Мәселемен келген азаматты тыңдап, біріңғай әлеуметтік терезе арқылы көмек береміз. Екіншіден, тек мемлекеттік ұйымдар ғана емес, үкіметтік емес ұйымдарды, кәсіпкерлерді де тартуымыз керек. Партия үйлестіруші жұмыстарды атқарадыХалықтың әл-ауқатын арттыруға үлкен үлесімізді қосуымыз керек»,-деді "Nur Otan" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев.

 Мәулен Әшімбаев ақтөбеліктермен кездесті

Ақтөбеде қоғамдық қабылдауға келген тұрғындардың 30-40 пайыз мәселелері бірден шешіліп жатыр. 60-тан астам кәсіпкер көмек көрсеткен. Мұнда ақтөбеліктерден сall-center, электронды пошта, арнайы телефондар арқылы өтініштер қабылданады. Әлеуметтік желілерде де белсенді.

Өзгелердің жаңалығы