Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Президенті әкімшілігінің қоғамдық қабылдауы Telegram-каналында мүмкіндігі шектеулі адамдарға және мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасыларға жеңілдікпен қалай баспана алуға болатыны туралы ақпарат жарияланды.
"Мүгедектерді, мүгедек балалары бар немесе оны тәрбиелеп отырған отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етудің екі түрі бар. Біріншіден, қажетті құжаттарды жинап, жергілікті атқарушы органға жүгіну керек. Олар құжаттарды қабылдап, есепке қояды және тұрғын үйге мұқтаж мүгедектерге кезек тәртібімен әкімшілік баспана ұсынады", - делінген хабарламада.
Ал тұрғын үймен қамтамасыз етудің екінші тәсілінің аясында аталған санаттағы азаматтарға жеңілдетілген тәртіппен баспана сатып алуға жылдық мөлшерлемесі 2 пайызбен 20 жылға ипотекалық займ ұсынылады. Сондай-ақ Қазақстанның "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде" бастапқы жарна жинаған азаматтарға 20 жылға дейін жылдық мөлшерлемесі 2 пайыздан аспайтын алдын ала және аралық тұрғын үй займын береді.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға 6 мыңға жуық жеңілдетілген займ беру жоспарланған.
"Аталған санатқа жататын азаматтарға кезекке тұруға арналған құжаттарын дер уақытында және дұрыс тапсыру қажеттігін тағы да бір мәрте еске саламыз", - делінген қоғамдық қабылдаудың әлеуметтік желіде таратқан ақпаратында.
Айта кетсек, Президент әкімшілігінің қоғамдық қабылдауы Telegram арнасын ашқан болатын.