Мұғалім мәртебесі. 30 жылдық жұмыс өтілі барлар кәсібилігін неге тағы дәлелдеуі керек?

26 Қаңтар 2019, 13:23
12208
Бөлісу:
Мұғалім мәртебесі. 30 жылдық жұмыс өтілі барлар кәсібилігін неге тағы дәлелдеуі керек?

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінде қызу талқыға түскен «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы екінші оқылымға дайындалуда. Жан-жақты пікірмен толығып, ұсыныстармен үстемеленген жаңа құжат жыл ортасына қарай халық қалаулыларының қарауына жолданбақ. Жобаның кемшін тұстары қандай? Берер жемісі бар ма? Білім нәрімен сусындатқан тәлімгерге қандай артықшылықтар бермек? Осы және басқа сауалдарды саралаған білім саласының үздігі Нұржамал Садықова педагог мәртебесін көтеруге бағытталған болашақ заң осы қалпында қабылданса да әр ұстаздың өміріне елеулі өзгерістер әкелетінін айтты.

30 жылдық жұмыс өтілімен зейнеткерлікке шығуды қолдаймыз

«Заң жобасы алғаш көпшілік назарына ұсынылған бетте біз оны ұжым болып талқыға салдық. Бірауыздан қолдадық, өйткені ұстаз мәртебесін көтеретін құжаттың қажеттілігі соңғы кездері тіптен сезіле бастаған еді. Бүгінде педагогтың еш мүмкіндігі, құқығы жоқ, оны кез келген ата-ана келіп кемсітетін, оқушының беттен алатын дәрежесіне жеттік. Бір сөзбен айтқанда педагог мамандығы әлеуметтік қорғалмайтын санаттар тізіміне ілінді», - дейді Өскемен қаласындағы «Оралхан Бөкей атындағы» №44 лицейі директорының тәжірибе-эксперименталды жұмыс бойынша орынбасары Нұржамал Садықова.

35 жыл ұстаздық өтілі бар оқу ісінің үздігі заң қабылданса бірінші кезекте осы саланы таңдаған жас мамандарға жаңа мүмкіндіктер туатынын айтады. Ол өз ісін сүйіп істесе де, соңғы жылдары мұғалім болудың баспақшыл тұстарының көбейгенін алға тартты.

«Бұл бірінші кезекте ұстаздықты мақсат еткен жас буынның жұмысқа деген зауқын ерте бастан құртады. Жаңа заңның қарастырған жақсы жақтары көп-ақ. Мысалға алып қарасақ, жаңа заңда ұстазды материалдық және моральдық тұрғыда қолдауды қарастыратын арнайы баптардың болуы. Ендігі кезекте осы қолдаулардың жергілікті жерлердегі бюрократтардың қарауына беріліп кетпеуі. Білім саласының жілігін шағып, майын ішпеген адамдар басы таудай басталған істің соңын қылдай қылатыны белгілі. Сондықтан мұндай мәселелер орталықтандырылған қалыпта атқарылуы тиіс. Бұдан бөлек, ұстаздар қауымы 30 жылдық жұмыс өтілімен зейнеткерлікке шығу бабын да қуана қостады. Бұл оқу сапасының жақсаруына ықпалын тигізері анық. Өйткені, оқушылар егде тартқан ұстаздан гөрі, белсенді, жұмысқа деген еркі бар жас ұстаздың білім бергенін қалайды», - дейді Нұржамал Әнуарбекқызы.

Кемшін тұстары да жоқ емес

Жаңа заңның бірқатар кемшін тұстарына тоқталған ол 9-бапта көрсетілген мұғалімдерді аттестаттау жасы үлкен ұстаз үшін ауыртпашылығы мол мәселе екенін айтады.

«Мен 2013 жылы мектеп директорымен бірге Ұлыбританияның Сассекс университетінде тәжірибе жинақтаған едім. Сол елде, тіпті АҚШ пен кәрі құрлықтың басқа да мемлекеттерінде мұғалімдер біліктілік тестін тапсырмайды. Бізде 30 жылдық жұмыс өтілі бар ұстаз өзінің кәсібилігін неге қайтара дәлелдеуі қажет? Жас адам мен егде адамның жадысы бір деңгейде болмайды. Осы орайда оған аттестаттаудың екінші сатысын ғана қалдырса деп ойлаймын. Өзінің кәсібилігін жаңадан жоғарғы оқу орнын тәмамдаған жас ұстаздар дәлелдегені дұрыс. Біз базалық мектеп болғандықтан Назарбаев зияткерлік мектебінің тәжірибесін жинақтап, жан-жаққа таратамыз, солардың қатарында жұмыс істейміз. Бір қызығы, Назарбаев зияткерлік мектебінің ұстаздары біліктілік тестін өз мектептерінде тапсырады. Мұғалімді өзі жұмыс істейтін жерден басқа кім жақсы біледі? Міне, осы тәжірибені қарапайым мектептерге де енгізсе деп ойлаймын. Мектеп ішінде бірнеше сатыдан өтіп, өзін-өзі осы жұмысқа лайықпын деген ұстаздың берері көп», - дейді Нұржамал Садықова.

Көтермелеу кезек күттірмейді

Сондай-ақ, ол кеңестік кезеңде білім саласының үздіктері ретінде марапатталған мұғалімдерді көтермелеу шараларының заң жобасынан бірінші оқылымынан кейін көзден ғайып болғанын айтады.

«90-жылдары алынып тасталған көтермелеу жаңа заңда қайта қарастырылғанына қуанған едік. Алайда екінші оқылымға дайындалып жатқан жобадан оны байқамадым. Тағы бір қозғайтын мәселе – педагогикалық кеңестердің мәртебесі. Педагогикалық кеңестің бекіткені біз үшін мектептің ата заңындай болуы керек, сондықтан аталмыш кеңестерге заңнамалық тұрғыдан мәртебе беру қажет. Жаңа заң жобасында мәртебе тек ұстаздарға ғана қарастырылғаны тағы бар. Бұл заңда мектеп директорлары мен олардың орынбасарлары туралы ештеңе айтылмаған. Мұғалімдер модератор, сарапшы, зерттеуші, шебер деңгйлеріне өтіп, сәйкесінше үстемақылар алады. Алсын, оған қарсылығым жоқ. Дегенмен, мектептің әкімшілік қызметкерлері де осы мәртебеге ие болуы керек», - дейді Нұржамал Әнуарбекқызы.

Білім саласының соңғы жылдары феминизацияға қатты ұшырағаны белгілі. Жалақысы аз, жұмысы көп сала отбасы асыруашыларының арасында беделге ие болмай қалды. Нұржамал Садықова мұны қалыпқа келтірудің басты жолы – ұстаз жалақысын көтеріп, қосымша еркіндік беру екендігін айтады.

«Бұл шындық! Соңғы жылдары оқушылар ер мұғалімдерді көрмейтін болды. Мұның басты себебі – жалақының аздығы, жеке өмірдің жоқтығы. Мұғалімдерге заңмен қосымша жұмыс атқаруға рұқсат берілгенімен, бізге жүктелген ауыртпашылық бос уақытты қойғанда, отбасыңа көңіл бөлуге жетпейді. Педагог жалақысының өсуі бұл салаға ер адамдардың көптеп тартылуына жағдай жасайды деп ойлаймын. Енді заңды халық қалаулылары екінші оқылымда қабылдайды деп сенеміз», - деп ол сөзін тәмамдады.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ

Өзгелердің жаңалығы