Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл Ұлытауға өткен жылмен салыстырғанда 20 мың адам артық келген, деп хабарлады karaganda-region.gov.kz.
«Қазақтуризм» Ұлттық компаниясының мамандары оны Jezkiik этникалық музыка фестивалімен байланыстырып отыр. Халықаралық деңгейде өткен шара екінші жыл қатарынан Болатсай елді мекенінде өтті. Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Ұлытау ауданында туризмді дамыту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.
"Мемлекет басшысы Ұлытау ауданындағы туристік бизнесті дамыту жөнінде тапсырма берді. Бұл жерді өңірдің туристік брендіне айналдыру қажет", - деді ол.
Облыс әкімі Қарағанды-Жезқазған және Қарағанды – Қызылорда жолдарын жөндеу мәселесін шешуді де тапсырды. Сондай-ақ, Ұлытау қаласына сапар орталығын салуды жеделдету қажет екенін айтты.
Естеріңізге сала кетейік, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған Jezkiik этникалық музыка фестивалі 22-24 тамыз аралығында Ұлытау бөктеріндегі Болатсай жерінде өтті. Сонымен бірге бұл күндері ауыл жастарының форумы мен халықаралық туристік форум ұйымдастырылды. Оған Түркия, Моңғолия, Германия және Қырғызстан туроператорлары қатысты. Туристік форумның қорытындысы бойынша туроператорларымен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.