Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлыбританияда коронавирустың таралуы күшейіп, билік індеттің екінші толқыны басталғанын айтуда, деп жазды «Хабар 24».
Мысалы, бір тәулікте қауіпті вирусты 4300-ден астам адам жұқтырып, 27 науқас қайтыс болған. Соңғы рет мұндай көрсеткіш мамыр айының 8-і күні тіркелген. Премьер-министр Борис Джонсон шектеу шаралары қатаңдатылып, жалпыұлттық карантин енгізілуі мүмкін екенін мәлімдеді.
Өткен аптада британ үкіметі коронавирусты жұқтырғандардың өсуіне байланысты жұмыс орындары мен оқу орындарынан бөлек жерлерде 6 адамнан артық жиналуға тыйым салған. Бұл елде дертке шалдыққандардың жалпы саны 386 мыңнан асты.
Біз індеттен қайта-қайта оқшаулана алмаймыз. Себебі менің жолдасым ақысыз демалысқа шығарылып, жалақысын ала алмай отыр. Карантиннен қаржымыз азайып, жағдайымыз қиындап кетті. Сондықтан биліктің тағы бір рет карантин енгіземіз деуі қатты алаңдатады, - деді жергілікті тұрғын.