Францияда тергеу органдары Лувр мұражайындағы атышулы ұрлыққа қатысы бар деп болжанған төрт адамды ұстады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Француз БАҚ-тарының мәлімдеуінше, арнайы операцияны Бандитизмге қарсы күрес бригадасы (BRB) жүргізген. Құқық қорғау қызметкерлерінің бұл іс-әрекеті 19 қазанда жасалған ұрлық ісін тергеудің келесі кезеңі болып табылады.
Сол күні мұражайдан 88 миллион еуроға жуық бағаланған зергерлік бұйымдар ұрланған. Олардың қайда екені әлі күнге дейін белгісіз.
Бұған дейін осы іс бойынша тонау орнында болған екі күдікті қолға түскен еді.
Париж прокурорының айтуынша, тергеуге 100-ден астам тергеуші тартылған. Қазіргі таңда тергеу қылмысты дайындау мен орындау кезеңдерін толық қамтып, жалғасып жатыр.