Елімізде құмар ойындарға тәуелділік пен заңсыз ойын бизнесіне қарсы іс-қимыл мақсатында 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл жоспар 4 негізгі бағыт пен 28 нақты іс-шарадан тұрады. Оның ішінде аса маңызды бағыттардың бірі – лудоманияның алдын алу және оған қарсы жүйелі іс-қимыл.
Әлеуметтік зерттеу
Кешенді жоспар аясында республикалық деңгейде ауқымды әлеуметтік зерттеу жүргізілді.
5998 азамат пен 20 сала сарапшысы қатысқан бұл зерттеу арқылы құмар ойындарға бейімділіктің себептері мен оның ел аумағындағы таралу ауқымы анықталды.
Болжам бойынша:
- лицензияланған казино мен ойын автоматтары залдарына – 459 444 адам;
- интернет-казиноға (елімізде тыйым салынған) – 484 055 адам;
- лицензияланған букмекерлік кеңселерге – 456 276 адам;
- лицензиясыз букмекерлік кеңселерге – 494 019 адам;
- заңды лотерея өнімдеріне – 491 710 адам тәуелді болуы мүмкін.
Бұл деректер лудоманияның ауқымды әлеуметтік және қоғамдық мәселе екенін дәлелдейді.
Жастар мен жасөспірімдер арасында алдын алу жұмыстары
Лудоманияның алдын алуда негізгі назар жас буынға бағытталған.
Мектептер мен колледждерге арналған әдістемелік ұсынымдар әзірленіп, таратылады.
Білім беру саласында:
- 800-ден астам педагог пен психолог арнайы оқудан өткен
- 6 000-нан астам мектеп тәрбие жоспарына құмар ойындар мен интернет-тәуелділіктің алдын алу туралы бөлім қосылды;
- Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары құрылды. Бұл орталықтар арқылы 1–11 сынып оқушыларының ата-аналарына айына екі рет өткізілетін 24 сабақтан тұратын бағдарлама іске қосылды.
Қоғамдағы түсіндіру жұмыстары қалай жүріп жатыр
- Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы және өзге де діни бірлестіктердің қолдауымен 4 000-нан астам іс-шара өтіп, 1 миллионнан астам азамат қамтылған.
- Ғылым және жоғары білім министрлігі жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттауға бағытталған 400-ден астам акция өткізілді («Саламатты өмір салты үшін!» флешмобы, Денсаулық фестивалі, студенттер спартакиадасы және т.б.);
- Қорғаныс министрлігі әскери құрылымдарда 38 дөңгелек үстел, 7 конференция, 14 жиналыс өткізіп, 16 919 әскери қызметшімен жеке сұхбат жүргізді.