Ұлттық банк базалық ставканы 9,5% деңгейінде сақтап қалды

9 Маусым 2020, 10:31
1099
Бөлісу:
Ұлттық банк базалық ставканы 9,5% деңгейінде сақтап қалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев бүгін өткен Үкімет отырысы барысында Ұлттық банк 2020 жылғы 8 маусымда базалық ставканы +/- 2 проценттік дәлізімен 9,5% деңгейінде сақтап қалғанын жеткізді.

Биыл мамырда ішкі валюта нарығы сыртқы және ішкі факторлардың оң әсерінен дамыды. Мұнай бағасының өсімі Қазақстанның сауда әріптестері елдерінің валюталарына қолайлы әсер етті. Ресей рублі ағымдағы жылғы мамырда бір АҚШ доллары үшін 70,14 рубльге дейін 5,7%-ға, еуро – бір еуро үшін 1,11 АҚШ долларына дейін 1,3%-ға нығайды. Республикалық бюджетке кепілдендірілген трансфертті бөлу мақсатымен Ұлттық қордан валютаны жоспарлы сату ұлттық валютаға қосымша қолдау көрсетті. Өткен айда квазимемлекеттік сектордың (КМС) компаниялары экспорттық валюталық түсімінің бір бөлігін міндетті сату жөнінде қабылданған шараларды қолдану жалғасты, - деді ол.
Ерболат Досаев биыл мамыр айында КМС субъектілерінің сату көлемі бір айда 156 млн АҚШ долларын құрағанын айтты. Мұнайдың әлемдік бағасының өсуі ішкі қолайлы факторлармен қатар, теңгенің айырбастау бағамы мамыр айында бір АҚШ доллары үшін 424,57 теңгеден 411,55 теңгеге дейін 3,1%-ға нығаюына ықпал етті.
Ағымдағы жылғы 8 маусымдағы сауда-саттықтың қорытындысы бойынша орташа бағам бір АҚШ доллары үшін 397,27 теңге деңгейінде қалыптасты.  Сауда балансының профициті 6,9 млрд АҚШ долларына дейін ұлғаюы аясында төлем балансының ағымдағы шоты 2020 жылғы 1-ші тоқсанда алдын ала бағалау бойынша 1,2 млрд АҚШ доллары профицитімен қалыптасты. Тауарлар экспорты 581 млн АҚШ долларына ұлғайды, ол негізінен бұрын жасалған келісімшарттарға сәйкес сандық жеткізілімдердің 13,8%-ке артуы есебінен мұнай мен газ конденсатын экспорттау құнының 18,5%-ке өсуіне байланысты болды. Тауарлар импорты жеке тұлғалардың шекарадан өтуіне тыйым салынуына байланысты шекара маңындағы сауданың қысқаруы нәтижесінде 148 млн АҚШ долларына азайды, - деді ол.

Айта кетейік, бүгінгі ҚР Үкіметі отырысында 2020 жылдың қаңтар-мамыр айларындағы ҚР әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылу жайы қозғалды.

Өзгелердің жаңалығы