Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Швейцарияның Лозанна қаласындағы "Malley" мұз сарайында ІІІ қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының ашылу салтанаты өтуде. Салтанатты шеруге Қазақстан ұлттық құрамасы да қатысты деп хабарлады Olympic.kz.
Жасөспірімдер Олимпиадасының ашылу салтанатына Швейцарияға аттанған қазақстандық спортшылардың алғашқы легі қатысты. Еліміздің көк байрағын тау шаңғысынан сынға түскен Владислав Шлемов көтеріп шықты. Жас спортшы мұндай мәртебеге ие болғаны үшін қуанышты екенін жасырмады.
Еліміздің көк туын көтеріп шығу үлкен абырой. Кеудемді мақтаныш сезімі кернеп тұр. Бір жағына, жауапкершілік те артуда. Шынын айтқанда, аздап қобалжып тұрмын. Қазақстанның байрағын мұндай ірі бәсекеде көтеріп шығу міндетін алғаш рет орындайын деп тұрмын. Бұрын-соңды еліміздің туын алып шығу мәртебесі бұйырмаған. Ашылу салтанаты аяқталған соң, жарысқа дайындаламыз. Жақсылап өнер көрсетуді мақсат еттік, - дейді Владислав.
Айта кетелік, тау шаңғысынан сынға түсетін спортшылар Олимпиадада алғашқылардың бірі болып бақ сынайды. Владислав Шлемов пен Александра Троицкая 10 қаңтар күні Супергигант бағдарламасы бойынша сынға түседі.