Лос-Анджелесте коменданттық сағат тоқтатылғаннан кейін қалада салыстырмалы тыныштық орнады. Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, наразылықтардан кейін 400-ге жуық адам ұсталды, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.
Ұсталғандардың арасында 330 заңсыз мигрант бар. Сондай-ақ, 157 адам полицияға шабуыл мен кедергі жасағаны үшін, ал тағы бір адам полиция қызметкерін өлтіруге оқталғаны үшін қамауға алынды.
Сонымен қатар, федералды прокурорлар тұтандырғыш бөтелкелермен полицияға шабуыл жасағаны үшін екі адамға айып тақты. Қақтығыстар кезінде 17 полиция қызметкері жарақат алды.
Еске сала кетейік, наразылықтар иммиграциялық рейдтерге қарсы және қоғамдық тәртіптің бұзылуына байланысты өршіді. Бұған дейін Румыниядан келген екі жасөспірімге қатысты зорлық-зомбылық айыптары қоғамдық толқуларға түрткі болған еді.
Лос-Анджелес мэрі Карен Басс коменданттық сағатты енгізіп, президент Дональд Трамптың әрекеттерін сынға алды.
Бір апта бұрын тыныш еді. Қиындықтар федералды рейдтер басталған кезде өршіді, – деді Басс.
Оның пікірінше, қала "федералды үкімет пен жергілікті биліктің құзыреті арасындағы текетірестің нысанына" айналған.
Қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мақсатында қалаға Ұлттық гвардияның 4000 жауынгері және 700 теңіз жаяу әскері тартылды. Алайда оларға наразылық білдірушілерді тек ұстау емес, федералды қызметкерлер мен нысандарды қорғау міндеті жүктелген.
Қақтығыстар АҚШ-тың басқа қалаларында да жалғасуда. Атланта, Нью-Йорк, Сан-Антонио сияқты қалаларда да наразылықтар мен жаппай қамаулар тіркелді.