Лондонда өтетін «Әлем аруына» Қазақстанның көрікті жерлері туралы фильм түсірілуде

30 Қыркүйек 2019, 15:26
3464
Бөлісу:
Лондонда өтетін «Әлем аруына» Қазақстанның көрікті жерлері туралы фильм түсірілуде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Қазақстан аруының» түсірілім командасы «ӘЛЕМ АРУЫ - 2019» байқауы үшін арнайы таныстырылым түріндегі фильмнің продакшеніне кірісті. Бұл фильм Ұлы даланың киелі жерлеріне, Қазақстанның бірегей географиялық және табиғи ландшафттарына арналмақ.

Ауқымды түсірілімдер отанымыздың табиғаты ғажап жерлерінде түсіріліп жатыр. Түсірілім командасының басты мақсаты – көрермендерге табиғаттың қайталанбас сұлулығын, ежелгі жерлерін, ландшафттың алуандығын және дастарқаны мол Қазақстанның қонақжайлылығын көрсету.

Роликтің бас кейіпкері – «ҚАЗАҚСТАН АРУЫ 2019» байқауының жеңімпазы Мадина Батық. Ол ғажайып көгілдір түсті суы бар Қайыңды көліне саяхат жасайды, Шарын шатқалы мен Бозжыра борлы тауының адам сенгісіз табиғатын тамашалайды, атқа мініп, асау жүйрікті Қазақстанда қолға үйреткенін әңгімелеп береді. Еліміздің сұлуы бір күннің ішінде шөлден бастап биік тау алқабындағы көгалдар мен биік тау шыңдарына дейінгі бірнеше табиғи аймақтарға баруға болатынын айтып береді.

Ролик арқылы көрермендер Қазақстанның жұмбақ жерлерін, атап айтсақ, Ақмешіт үңгірі сияқты діни орындарды тамашалайды, тіпті, жүздеген жыл бұрын Ұлы Жібек жолы өткен жерге қайтып оралады деуге де болады. Аруымыздың саяхаты небәрі 20 жылдың ішінде шағын шаһардан аса заманауи мегаполиске, Қазақстанның көрікті қаласына айналған жас әрі әсем астанамызға келуімен аяқталады.

Мадина туған өлкесінің көрікті жерлерін ерекше жылулықпен, асқан мақтанышпен баяндап береді, жиһанкездердің бірегей табиғи және археологиялық нысандарға тәнті болатынын баяндап, оларды Қазақстанға шақырады.

Айта кетейік, биыл «ӘЛЕМ АРУЫ» байқауының финалы 14 желтоқсан күні Лондонда өтеді.

Өзгелердің жаңалығы