Ломбардтан алынған қарыз кредит аларда қалай әсер етеді?

Несие тарихы мен жалпы қарыз жүктемесі маңызды рөл атқарады.

 BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов Бүгiн 2026, 09:45
Бүгiн 2026, 09:45
98
Фото: BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Ломбардтан алынған қарыз (займ) несие немесе ипотека рәсімдеуге толықтай кедергі келтірмейді. Алайда банктер мұндай міндеттемелерді шешім қабылдау кезінде міндетті түрде ескереді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сілтеме жасап.

Өтінімді қарау барысында азаматтың қаржылық жағдайы мен қарыздарын уақытында өтеу қабілеті бағаланады. Бұл ретте несие тарихы мен жалпы қарыз жүктемесі шешуші мәнге ие. Тіпті шағын қарыздың өзі, егер төлемдер бойынша мәселелер болса, түпкілікті шешімге әсер етуі мүмкін.

Ломбард алдындағы берешек бойынша кешіктіру несие мақұлдану мүмкіндігін айтарлықтай төмендетеді. Мұндай қарыздар басқа несиелер мен микронесиелермен бірдей есепке алынады. Сонымен қатар, қарыз туралы ақпарат кредиттік бюроларға жіберіледі, сондықтан оны жасыру мүмкін емес.

Егер қарыз алушы берешекті уақытында өтемесе, ломбард кепілге қойылған мүлікті кемінде 30 күн сақтауға міндетті. Осы мерзім ішінде қарызды жауып, мүлікті қайтарып алуға болады,- деп жазады агенттік.

Белгіленген мерзім өткеннен кейін ломбард кепілді сатуға немесе оны өз меншігіне рәсімдеуге құқылы. Бұл жағдайда қарыз шартының күші жойылады.

Қарыздың өтелгені тиісті құжаттармен расталады. Олардың қатарына кепілді сату туралы акт, мүлікті ломбардтың меншігіне беру туралы шешім және қарыздың жоқтығы туралы анықтама жатады,-дейді агенттік хабарламасында.

Несие беру туралы түпкілікті шешімді банк немесе микроқаржы ұйымы дербес қабылдайды. Бұл ретте заң талаптары, ұйымның ішкі саясаты және клиенттің төлем қабілеттілігі ескеріледі.

Наверх