- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Локомотивтен трансформаторға дейін: Қазақстанда машина жасау өндірісі қалай дамуда
Локомотивтен трансформаторға дейін: Қазақстанда машина жасау өндірісі қалай дамуда
Елдегі машина жасау локомотивтен трансформаторға дейінгі кең бағытты қамтып, өндіріс көлемін 10 жылда 8,5 есеге дейін ұлғайтты.
30 Наурыз 2026, 14:27
Қазақстанда машина жасау десе, көпшіліктің ойына бірден автокөлік өндірісі келеді. Алайда саланың шынайы ауқымы бұдан әлдеқайда кең. Теміржол техникасы, тау-кен және мұнай-газ жабдықтары, ауыл шаруашылығы машиналары, электр техникасы, кабель өнімдері мен трансформаторлар – мұның бәрі отандық машина жасаудың ірі тармақтары.
Қазақстан Машина жасаушылар одағының мәліметінше, бүгінде салада 5 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді және ол 37 кіші саланы қамтиды. Соңғы он жылда өндіріс көлемі бірнеше есе ұлғайып, машина жасау ел экономикасының басты индустриялық драйверлерінің біріне айналды.
Егер 2015 жылы өндіріс көлемі 670 млрд теңге болса, 2025 жылы ол тарихи максимумға жетіп, 5,7 трлн теңгені құрады. Бұл – 8,5 есе өсім, – деп атап өтті Қазақстан Машина жасаушылар одағы.
Бұл – жай статистика емес, елдің өңдеу өнеркәсібіндегі үлкен бетбұрыстың көрінісі. Қазір машина жасаудың өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 20%-ға жуықтады.
Жүйелі тәсілдің қосымша дәлелі ретінде 2024–2028 жылдарға арналған машина жасауды дамытудың кешенді жоспарының бекітілуін атауға болады. Бұл құжат бүкіл индустрия үшін нақты бағдарларды айқындап берді.
Президент тапсырмасымен әзірленіп, Үкімет қаулысымен бекітілген 2024–2028 жылдарға арналған машина жасауды дамытудың кешенді жоспарын іске асыру жалғасып жатыр. Кешенді жоспардың нысаналы индикаторлары өндіріс көлемін 4,5 есеге арттыруды көздейді. 2028 жылға қарай жалпы қосылған құнды 1,3 трлн теңгеден 5,9 трлн теңгеге дейін ұлғайту жоспарланған. Нақты көлем индексі жыл сайын кемінде 10 пайыз болуы тиіс, экспорт үш есе өседі, ал еңбек өнімділігі 1,9 есеге артады. Сондай-ақ инвестиция көлемін бір жарым есеге көбейту қарастырылған. Бұл саланың тұрақты даму қарқынын және сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге тиіс, – деп атап өтті «Қазақстан машина жасаушылар одағы» ЗТБ басқарма төрағасы Мейрам Пшембаев.
Автокөлік өндірісінен тыс қандай өндірістер өсіп жатыр?
Саланың өсімі тек жеңіл көлікпен шектелмейді. Соңғы жылдары жүк және жолаушылар вагондарын, локомотивтерді, тракторлар мен ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын өндірістер қарқын алды.
Теміржол машина жасау саласында тұтас кластер қалыптасып үлгерді. Оған Railways Systems Holding, Stadler Kazakhstan, Alstom, Wabtec сияқты ірі ойыншылар кіреді.

Локомотивтерді “Локомотив құрастыру зауыты” мен “Электровоз құрастыру зауыты”, ал вагондарды “Қазақстандық вагон жасау компаниясы” мен “ЗИКСТО” шығарады, – деп атап өтті Одақ.
Бұл өнімдер қазірдің өзінде Әзербайжан, Вьетнам және Орталық Азия елдеріне экспортталып жатыр.
Саланың негізгі проблемасы қандай?
Өсімге қарамастан, машина жасау алдында күрделі жүйелі мәселелер сақталып отыр.
Ресми деректерге сүйенсек, ел импортының шамамен 44%-ы немесе 25,5 млрд доллар машина жасау өнімдеріне тиесілі.
Бұл бір жағынан тәуелділік болса, екінші жағынан – ішкі өндірісті еселеуге болатын зор мүмкіндік.
Тағы бір өзекті мәселе – кадр тапшылығы.
Салаға токарь, фрезерлеуші, CNC операторлары, инженер-конструкторлар, технологтар және автоматтандыру мамандары жетіспейді, – дейді Қазақстан Машина жасаушылар одағы.
Экспортқа қай салалар дайын?
Қазақстан машина жасаушылар одағы экспорт әлеуеті ең жоғары бірнеше бағытты атап көрсетеді.
- Теміржол машина жасау
- Локомотив, вагон, рельс, теміржол дөңгелегі, мойынтірек.
- Электротехника
- Alageum Electric, Asia Trafo, Казэнергокабель секілді кәсіпорындар трансформатор, кабель, электр жабдықтарын экспортқа шығарып отыр.
Ауыл шаруашылығы техникасы
CLAAS, JOHN DEERE, DEUTZ-FAHR, AMAZONE секілді әлемдік брендтердің өндірісі Қазақстанда жолға қойылған.
Келесі кезең – экспорттық экспансия және жаһандық өндірістік тізбектерге интеграция, – деп атап өтті одақтан.
Неге бұл сала ел экономикасы үшін маңызды?
Машина жасау – жай зауыттар тізбегі емес. Бұл:
- импортты алмастыру
- жаңа жұмыс орындары
- инженерлік мектеп
- технология трансфері
- экспорт
- экономиканы мұнайдан кейінгі жаңа деңгейге шығару деген сөз.
Ең маңыздысы – қоғамдағы ескі түсінікті өзгерту.
Қазақстанда машина жасау тек автокөлікпен шектелмейді. Көзге көрінбейтін, бірақ экономиканы алға сүйреп тұрған теміржол, электр техникасы, мұнай-газ, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіптік жабдық өндірісі қазірдің өзінде ірі индустриялық күшке айналып келеді.

Қазақстан машина жасаушылар одағының деректері көрсеткендей, сала бүгінде елдің индустриялық болашағын айқындайтын негізгі тіректердің біріне айналды.
Қоғам бұл саланы әлі де автопроммен ғана байланыстырып келгенімен, шын мәнінде машина жасау – локомотивтен трансформаторға, шахта жабдығынан ауыл техникасына дейінгі тұтас өндірістік экожүйе.
Дәл осы бағыт Қазақстан экономикасын ұзақ мерзімде жаңа сапалық деңгейге көтере алады.
Ең оқылған: