Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Дубайда 1978 жылдан бастап күнделікті түрде ағылшын тілінде жарыққа шығатын Gulf News газеті оқырмандар таңдауымен анықталған әлемдегі ТОП-20 туристік бағыттарды жариялады.
Үлкен Алматы көлі аталған тізімде үздік 5-ке жайғасты. Қазақстаннан бөлек рейтингте Исландия, Австрия, Түркия, Әзірбайжан, Грузия, Армения, Үндістан және Пәкістан сияқты елдердің туристік аймақтары көрсетілген.Сондай-ақ, басылым Қазақстанға Біріккен Араб Әмірліктерінен келетін туристердің саны жыл санап өсіп келе жатқанын атап өткен. ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметі бойынша, аталған елден келуші азаматтардың саны 2019 жылы өткен жылмен салыстырғанда 54% (8,1 мың) өскен.
Айта кетейік, бұл басылымды айына 15 миллионнан астам адам оқиды. Оқырмандардың 61% БАӘ, 8% АҚШ-тан, 6% Үндістаннан, сондай-ақ, Ұлыбритания, Канада және Австралия азаматтары да басылымның оқырмандары қатарында.
Gulf News - Дубай, Біріккен Араб Әмірліктерінде ағылшын тілінде басылып шығатын күнделікті газет. Алғашқы саны 1978 жылы жарыққа шығып, бүгінде БАӘ-ға, сондай-ақ Парсы шығанағының басқа елдеріне таратылады. Оның ғаламтордағы басылымы 1996 жылы іске қосылды.