Лиссабондағы әйгілі «Элевадор да Глория» фуникулярының апатына кабиналарды байланыстыратын кабельдің үзілуі себеп болған. Бұл туралы Португалияның авиациялық және теміржол апаттарының алдын алу және тергеу басқармасы (GPIAAF) мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Lusa агенттігіне сілтеме жасап.
Тергеу барысында кабельдің Кальсада да Глория көшесінің жоғарғы бөлігіндегі №1 кабинаның бекіту нүктесінде үзілгені анықталды. Мамандар фуникулярдың өзге тетіктері мен бөлшектерінде зақым табылмағанын атап өтті.
Айта кетейік, апат 3 қыркүйекте орын алып, 17 адамның өмірін қиды. Қайғылы оқиғадан кейін Португалия президенті Марсело Ребело де Соуза қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты. Елде аза тұту жарияланды.
Бұл фуникуляр Лиссабондағы ең танымал көліктердің бірі болып саналады және күн сайын жүздеген туристер мен қала тұрғындарын тасымалдайды. Бұған дейін 2018 жылы техникалық ақауларға байланысты рельстен шығып кеткен, бірақ ол кезде зардап шеккендер болмаған.