Линейный саябағында құрылыс жүргізілмейді – әкімдік

10 Наурыз 2022, 21:29
1324
Бөлісу:
Линейный саябағында құрылыс жүргізілмейді – әкімдік

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорданың линейный саябағының аумағына тұрғын үй кешенінің (ТК) құрылысы жүргізілмейді. Құрылыс салушыға өзге жер телімдері ұсынылады.

Бұл туралы елорда әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бұдан басқа, «Caspian Palace» ТК және «Palazzo degli Affari» БО арасындағы аумақта Сығанақ, Ә.Бөкейхан, сондай-ақ Керей, Жәнібек хандар көшелері және Мәңгілік Ел даңғылы квадратында бұрын жоспарланған көппәтерлі тұрғын үй кешендерінің орнына (№77 мектеп ауданы) тұрғындарға ыңғайлы болу үшін гүлзар салынады. Айта кету керек, жер учаскесі – құрылыс салушының жекеменшігі, егжей-тегжейлі жоспарлау барысында көппәтерлі тұрғын үй кешені гүлзарға өзгертілді.

«Қалалық романс» ТК ауданындағы жер телімінде жалпы білім беретін мектептің құрылысы жайлы

2022 жылғы 18 ақпанда «Нұр-Сұлтан қаласы бөліктерінің инженерлік, көлік инфрақұрылымын және қала құрылысы аспектілерін ұйымдастыру жөніндегі» жұмыс тобының кеңесінде мынадай мәселе қаралды – осыған дейін жоспарланған көппәтерлі тұрғын үй кешендерінің құрылысының орнына (Ә.Тыныбаев, А.Храпатый және А11, А12 көшелерінің квадратында) мектеп салу үшін жер учаскесінің егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын түзету мәселесі талқыланды. Жер – құрылыс жүргізушінің жекеменшігі.

Бұқар жырау және Ә.Бөкейхан көшелері ауданында мектеп және балабақша құрылысына қатысты

Қолданыстағы егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес Бұқар жырау және Бөкейхан көшелерінің қиылысында жалпы білім беретін мектеп, сол сияқты балабақша және Ақниет көшесінің бойына желекжол салу қарастырылған. Жер – құрылыс салушының жекеменшігі, бұрын бұл орынға тұрғын үй кешенінің құрылысы жоспарланған.

Қабанбай батыр даңғылындағы Керей, Жәнібек хандар және Орынбор көшелерінің аралығында орналасқан медициналық орталықтың құрылысына қатысты

Қала тұрғындарымен өткен кездесулерде айтылғандай, Қабанбай батыр даңғылы бойында Керей, Жәнібек хандар және Орынбор көшелерінің арасындағы жер теліміне медициналық орталық салынады. Бұған дейін «Астана-Мед» ЖШС-ға зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін «Медициналық орталық» нысанын жобалауға рұқсат берілген болатын.

Бірақ 2021 жылы «Астана-Мед» ЖШС аталған аумақта құрылыс-монтаждау жұмыстарын тиісті рұқсат құжаттарынсыз бастады. Нұр-Сұлтан қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы құрылыс салушыға қатысты шаралар қабылданып, құрылысы тоқтатылды. Қолданыстағы егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес аталған учаскеде тек медициналық орталықты салу ғана көзделгенін атап өткен жөн.

Елорданың кейбір аудандарының егжей-тегжейлі жоспарлау жоспары Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қайта қаралды.

Үлкен және Кіші Талдыкөл

Үлкен және Кіші Талдыкөл бойынша эко-урбандалу қағидатына сәйкес, аумағын елорданың саябақ аймақтарымен интеграциялау жұмысы жүргізіліп жатқанын қосымша хабарлаймыз. Осыған дейін хабарланғандай, Нұр-Сұлтанда Үлкен және Кіші Талдыкөл аумағында экопарк ашылады. Осыған 1 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінді. Қазіргі уақытта Үлкен Талдыкөл бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленді. Кіші Талдыкөл су нысанындағы су көлемін сақтап қана қоймай, толықтыра отырып, рекреациялық аймақ құру бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

«Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары бойынша аулалар мен қоғамдық кеңістіктер (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) салуға көңіл бөлінеді. 2022 жылы елордада 200-ден астам қоғамдық кеңістікті, аулалар мен гүлзарларды абаттандыру жоспарланып отыр. Соңғы жылдардың өзінде 500 қоғамдық кеңістік пен аула салынды.

Өзгелердің жаңалығы