Лифтіде пышақ жарақатын алған 5 жасар баланың анасы мән-жайды айтып берді

Кеше, 17:41
1374
Бөлісу:
Лифтіде пышақ жарақатын алған 5 жасар баланың анасы мән-жайды айтып берді
Фото: Видеодан кадр

Астанада кеше психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған 14 жастағы жасөспірім лифтіде 5 жасар балаға бірнеше рет пышақ сұққан еді. Жағдайдың қалай болғанын жәбірленушінің анасы айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әлеуметтік желіде елордадағы тұрғын үйлердің бірінде лифт ішінде белгісіз жасөспірімнің кішкентай балаға пышақпен шабуыл жасағаны туралы бейнеролик тараған болатын. Жарақат алған 5 жасар бала қазіргі таңда ауруханада жатыр.

Баланың жарақатына байланысты жәбірленушінің анасы БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.

Есік ашық тұрды. Батыр жүгіріп келіп, "Мама, мені өлтіргісі" келді деді. Мен "Не болды? Кім тиісті саған? Жаңа ғана жақсы келе жаттың ғой" деп шошып кеттім. Мама, балалар алаңы деді. Мен ойладым сол жерде біреу тиісті деп. "Әлгі бала қашып кетті" деп айта алмай жатыр екен. Балам құлап кете берді. Бетіндегі қаны фонтан болып атқылап жатыр. Мен оны ұстап қысып жатырмын. Қысқан сайын құлап жатыр артқа қарай. Мен шок болып қалдым. Не істерімді білмеймін. Қызымның таза кофтасын алып келіп басып жатырмын. Шоктан баланы тастап, жаңағы баланы іздеуге кетейін деп жатырмын. Жердің бәрі, үйдің іші қан, - деді жәбірленушінің анасы.

Ол 5 жастағы баланың алған жарақатынан сол жақ беті дұрыс жұмыс істемейтінін айтады.

Мен түсінбеймін ондай аурулар неге емін-еркін жүр. Шизофрениямен ауыратын адам, оның басы жұмыс істемеу керек қой. Ал ол пышақты қолына тығып алған. Қолында ойын күрегі бар. Ойнап жатқан кейіп танытып жүр. Лифтіге кірген кезде алдап тұр баламды. Күректі жоғары көтеріп баламның бетін түзеп алған. Ол мойнына пышақ сұғуды мақсат қылған. Мойнына тимеді. Себебі шарф пен бас киім болды. Сонда да мойнының бір шетіне тиген. Бірақ тереңге кетпеген. Мен ол жеріне қарамағанмын. Сол жақ беті ашылып тұр. Қан атқылап тұр. Жарақат құлағының түбінде болған. Сол қауіпті болып тұр. Қазіргі уақытта бізге соны анықтау керек. Қазір сол жақ беті дұрыс жұмыс істемейді. Ісік бар, - деді анасы.

Қазіргі уақытта жәбірленуші тарап арыз жазған.

Арыз жаздық. Бүкіл ақпаратты алып кетті. Мен бұл мәселені көтергім келеді. Осындай ауру адамдарға заң неге дұрыс әсер етпейді? Олар неге емін-еркін жүре береді? Мені де кінәлап жатыр. "Анасы қайда қарап отыр?" деп. Мен терезеден шыққан-кіргенін қарап тұрдым. Негізі жалғыз жүрмейді, - дейді анасы.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтың 5 жасар баланың бетін тіліп тастаған оқиға жайлы ойын жазған болатынбыз. Жәбірленген баланың қазіргі жағдайы туралы қалалық Денсаулық сақтау басқармасы баяндап берді.

Өзгелердің жаңалығы