Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Саясаттанушылар мен қоғам белсенділері арасында өткен онлайн-конференцияда спикерлердің бірі алда өтетін праймериз болсын, депутаттық сайлау болсын, оның әділ өтетініне жергілікті халық толық сенімді емес деген мәселе көтерді.
Ал партия хатшысы Әлібек Әлденей болса праймериздің әділ өтуіне тек партия емес, әрбір азамат мүдделі болғанда ғана нәтиже шығады дейді.
Праймериздің әділ өтуі үшін партия тарапынан біз тиісті ұйымдастыру комитеттерін, партиялық қадағалау комитеттерін құрып жатырмыз. Дегенмен, қоғам тарапынан да тиісті бақылау болған жөн. Сондықтан, Nur Otan партиясының жақтастары арасынан, қоғам тарапынан кез келген өңірде праймериздің әділ өтуіне бақылау жасап, тиісті есеп беріп, кеткен қателіктерді бізге жеткізіп отыратын азаматтар керек. Әділ өтуінің тағы бір кепілі қоғамда белсенді, танымал адамдардың праймеризге қатысуы, - деді Ә.Әлденей.
Оның айтуынша, Nur Otan партиясы жақтастарының лигасы қазір бақылау шаралары туралы мәселені көтеріп жатыр.
Бірақ, тек жақтастармен шектеліп қалмау керек. Егер праймериздің негізгі ережесіне қарайтын болсақ, әр кандидат өз бақылаушысын сайлап, анықтап қоя алады. Ондай тетіктер бар. Басқа қоғамдық ұйымдар тарапынан, басқа азаматтар тарапынан бақылауға қатысамын дегендер болса, біз тек қана қуанамыз, - деп хабарлады Әлібек Әлденей.