Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, әлеуметтік желілерде дәстүрлі емес жыныстық қатынастарды немесе педофилияны дәріптейтін, сол бағытта үгіт-насихат жүргізетін ақпараттармен бөлісуге заң жүзінде тыйым салынады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Егер бір жыныстық қарым-қатынасты дәріптейтін, сондай қатынасқа итермелейтін немесе оны әлеуметтік желіде насихаттайтын материалдар жарияланса, бұл заң алдында жауапкершілікке әкеледі. Мұндай контент анықталған жағдайда, тиісті министрлік немесе уәкілетті мемлекеттік орган түсініктеме беріп, ол ақпарат бұғатталады, - деді депутат.
Бейсенбаевтың айтуынша, бұл норма балаларды қорғау жөніндегі заң жобасына енгізілген негізгі ережелердің бірі.
Бұл – балалардың психикасына зиян келтіретін мәселе ретінде қарастырылып отыр. Мұндай шектеу тек Қазақстанның бастамасы емес, ол Біріккен Ұлттар Ұйымының конвенциясы мен Женева декларациясындағы баптарда да қарастырылған, - деп түсіндірді ол.
Депутат сондай-ақ басқа мемлекеттердің де ұқсас шаралар қабылдағанын атап өтті.
Бұған дейін АҚШ-та президент Дональд Трамп осы бағыттағы өз позициясын білдіріп, оны Жоғарғы сот та қолдаған болатын. Венгрия, Литва, Латвия, Қырғызстан, Польша және Ресей секілді елдерде де мұндай нормалар қабылданған, - деп айтты мәжілісмен.
Бейсенбаев айыппұл мөлшері қалай болатынын атап өтті.
Бірінші рет бұзушылық анықталса, контент өшіріліп, 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Егер қайталанса, 40 айлық есептік көрсеткіш немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу қарастырылған, - деп түсіндірді ол.
Депутаттың мәліметінше, қазір норма Сенат қарауында. Егер палата оны екі ай ішінде қабылдап, Мемлекет басшысы қол қоятын болса, заң шамамен төрт-бес ай ішінде күшіне енуі мүмкін.
Еске сала кетейік, 1 АЕК 3 932 теңге.
Еске салсақ, Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин ЛГБТ-ны насихаттауды шектеу бойынша заң жобасын қорғап, бұл құбылыстың жасөспірімдерге психологиялық және рухани зиян келтіріп жатқанын айтты. Оның сөзінше, біз түгілі Американың өзі ЛГБТ сияқты теріс бағыттарды қоғамға жат деп таныды.
Сондай-ақ, жаңа заң бойынша ЛГБТ насихатына қандай шектеу енгізілетінін де жаздық.