Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында министр Асхат Аймағамбетов айтты.
Орта білімді дамыту үшін латын әліпбиін енгізе отырып, 2023 жылдан бастап 12 жылдық оқытуға кезең-кезеңімен көшу көзделіп отыр. Ол үшін өте ауқымды жұмыс атқаруымыз керек. Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты, үлгілік оқу бағдарламалары жаңартылады, - деді ол.
Министр атап өткендей, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша математика, тілдер және информатика сияқты басым пәндерге ерекше назар аударылады.
Қазақстан тарихы мен Дүниежүзі тарихы пәндері бойынша бірыңғай оқулықтар әзірленеді. Оқулықтардың сапасы қоғам тарапынан сынға тап болғанын бәріміз білеміз. Оқулықтарды сараптау және іріктеу рәсіміне, сарапшылардың біліктілік деңгейіне қойылатын талаптар қатаңдатылды, - деп атады Асхат Аймағамбетов.
Сондай-ақ, сапалы оқулықтар дайындау үшін оқулықтардың құрылымы мен мазмұнына қойылатын бірыңғай талаптар бекітіледі. Ол бойынша қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілді.
Еске сала кетейік, 28 қаңтарда премьер-министр Асқар Мамин Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия отырысын өткізді. Отырыста Қазақстан 2023 жылдан бастап жаңа әліпбиге көшетіні айтылды.