Латифундистерге жерді жалға беруде ең жоғары шегін белгілеу керек – саясаттанушы

25 Наурыз 2021, 13:16
4568
Бөлісу:
Латифундистерге жерді жалға беруде ең жоғары шегін белгілеу керек – саясаттанушы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өтіп жатқан Жер реформасы жөніндегі комиссия отырысы барысында саясаттанушы Расул Жұмалы айтты.

Бұл бағытта қордаланған мәселелер шаш-етектен. Соның ішінде саяси мәселелермен қатар, жердің экономикалық-әлеуметтік маңызы. Қазақстан жер көлемі бойынша 9-орында, халқының тығыздығы бойынша әлемнің 193 елі арасында 184-орындамыз. Бір шаршы километрге 6-ақ адамнан келеді. Бірақ, шынтуайтына келгенде, ауылдағы диқан, малшы, фермерлерге жер жетпей жатады. Оның үстіне алып жатқан жеріміз Антарктида немесе Сахара жері емес, тыңайтуға, өңдеуге қолайлы алқап. Бірақ өзімізді ауыл шаруашылығымен қамтамасыз ете алмай отырмыз. Оның бір себебі – жер мәселесінің реттелмеуінде жатыр, - деді ол.

Спикер отырыс барысында жер кадастрының мейлінше ашық болуы, латифундистер мәселесіне тоқталды.

Латифундистерге қатысты мәселенің екі түрлі әсері бар. Меніңше, қазақ жерін жалдауға келгенде ең жоғары шегін белгілеу керек. Яғни, он мыңдаған гектар емес, 500 га-мен шектеле ме, әлде басқа межемен шектеле ме, осы мәселенің ең жоғары шегін белгілеу керек. Өз басым жердің жеке меншікке өткенін қолдаймын. Бірақ дәл қазір мұндай шешімнің қабылдануы қаншалықты қисынды және асығыстық болмай ма, ол жағын әлі де қарастыру керек. Сонымен қатар жалға алудың қосымша алғышарттарын жасау қажет, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы