Латиф Парпиев: Мейлінше көп балаға көмектесуді қалар едім

11 Наурыз 2021, 18:46
2154
Бөлісу:
Латиф Парпиев: Мейлінше көп балаға көмектесуді қалар едім

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының төртінші кезеңі басталды. Өтінімдерді қабылдау 2021 жылдың 22 ақпанынан 15 наурызына дейін 100janaesim.ruh.kz сайтында жүзеге асырылады. 

Балалар реабилитологы Латиф Парпиев балалар реабилитациясымен 4 жылдан бері айналысып келеді. 2019 жылы шала туған балалар мүгедектігін зерттей жүріп, жаңа бағыт ашуға бел байлаған. 

Балаларда мүгедектікке қатысты болатын асқынулар көбіне ұқсас келеді. Яғни көбінесе белгілі бір бұлшықеттер зақымданады. Оның үстіне біздің елде сәбилер диагностикасы бойынша тиісті мамандар аз. Осыған орай мен «Реанимация жағдайында балалардың ерте диагностикасы», «Жаңа туған сәбилер патология жағдайында балалардың ерте диагностикасы», «Ата-аналар мектебі» атты жоба аштым. Ондағы негізгі мақсат – балалар арасындағы мүгедектік деңгейін төмендету, реанимацияда немесе қандай да бір аппаратта жатқан кезде балаларда болуы мүмкін асқынуларды жеңілдету, - деді ол.

Екі жылдан бері дәрігер өз қаражатына Қазақстанның өзге қалаларына да барып, әріптестеріне білгенін үйретуде. 

Бұдан бөлек ол «28 ілмек клубы» халықаралық қорының вице-президенті. 

Бұл топ шала туған балаларға жүннен тоқылған киімдермен қамтамасыз етіп, олардың жылдам оңалуына жағдай жасайды. Клуб 2012 жылдан бері жұмыс істеп келеді, қазіргі таңда әлемнің 12 елінде (150 қала) ашылған. Сондай-ақ балалардың әлеуметтік адаптациясымен айналысатын «Best for kids» қоғамдық қоры және онко-орталықтардағы балаларды емдеумен айналысатын «Мейірім сыйла» тобында еріктімін, - дейді дәрігер.

Латиф Парпиев өзінің «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына ұсынылғанын естігенде, таңғалғанын айтады.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына мені ұсынғанын кеше естідім. Әрине, қуаныштымын. Бірақ бұл менен гөрі, мүгедектік диагнозы қойылған балалары бар ата-аналарға пайдалырақ болатынына сенімдімін. Себебі қазір елдегі көптеген бала ерте реабилитация қызметін пайдалана алмайды, өйткені ата-аналар мұндай қызметтің барын да білмейді. Егер менің есімім «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына енер болса, онда біраз адам танып, бұдан да көп баланы құтқаруға мүмкіндік туар еді. Барынша көп балаға көмектескен дұрыс болар еді, - дейді ол. 

Айта кетейік, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы. Жоба 2017 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жарық көрген болатын. Осылайша жоба жыл сайын жалғасын тауып келеді.

Өзгелердің жаңалығы