Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Түркі мемлекеттерінің омбудсмендері мен ұлттық адам құқықтары институттары қауымдастығы (TURKOMB) мүшелерінің онлайн отырысына қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс-шараға Әзербайжан, Түркия және Өзбекстан Омбудсмендері, сондай-ақ осы елдердің құқық қорғау орталықтарының басшылары да атсалысты.
Әзербайжан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Сабина Әлиева 2024 жылғы 25 желтоқсанда Ақтау маңында болған қайғылы ұшақ апатына байланысты Омбудсмен Артур Ластаевқа және Қазақстан тарапына көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірді.
Бұған жауап ретінде Артур Ластаев өзі де және Уәкіл кеңсесі де алдағы уақытта қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.
Кездесу барысында TURKOMB-тің 2025 жылға арналған жұмыс жоспары, сондай-ақ алдағы ынтымақтастық жолдары, соның ішінде бірлескен білім беру және ақпараттық-түсіндіру шараларын өткізу талқыланды.
Сондай-ақ, қатысушылар түркі мемлекеттері арасындағы диалогты нығайту және адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласында тәжірибе алмасудың маңыздылығын талқылады.
Артур Ластаев адам құқықтары саласындағы ұлттық тетіктерді нығайтудағы халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу соңында тараптар тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға келісті.
Айта кетейік, Омбудсмендер қауымдастығын және ұлттық адам құқықтары институттарын құру туралы меморандумға 2022 жылғы 13 мамырда қол қойылған. Қауымдастық түркітілдес елдердің тәуелсіз, саяси емес және коммерциялық емес бірлестігі ретінде құрылған. Негізгі мақсаттар: азаматтардың ұлттық құқық қорғау институттары мен түркітілдес елдердің ұлттық заңнамалары туралы хабардарлығын арттыру, адам құқықтары мен негізгі құқықтарды қорғауға және ілгерілетуге жәрдемдесу.