Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Ластаев Конституцияда адам құқықтарын күшейтуді ұсынды

Бүгiн, 16:30
126
Бөлісу:
 wikimedia.org
Фото: wikimedia.org

Елордада өтіп жатқан Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысында Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев негізгі заңда адам өмірінің абсолютті құндылығын, сондай-ақ оның құқықтары мен бостандықтарының басымдығын нақты бекіту қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ластаевтың айтуынша, Қазақстан Конституциясының бірінші бабында мемлекеттің ең жоғары құндылықтары ретінде адам, оның құқықтары мен бостандықтары көрсетілген. Адам құқықтары — жай ғана сөз емес, бұл күн сайын бізді қорғап тұрған нақты ұғым: дүниеге келуіміз, өмір сүруіміз, білім алуымыз, еңбек етуіміз, пікір білдіруіміз және өзімізді жүзеге асыру мүмкіндігіміз.

Омбудсмен Конституциядағы басты басымдық — адамның өмір сүру құқығы екенін атап өтті. Бұл барлық құқық пен бостандықтың негізі. Ол ананың, табиғаттың сыйы әрі ең алғашқы, ең бастапқы құқық. Онсыз басқа еркіндіктердің ешқайсысы да болмайды. Сонымен қатар өмір сүру құқығының кепілі – ешкімнің адамды өз бетінше өмірден айыруға құқығы жоқтығында екенін айтты.

Қазақстан адам өмірін ең жоғары басымдық деп жариялай отырып, бес жыл бұрын халықаралық міндеттемелерді өз мойнына алды, ал кейін 2022 жылы өлім жазасын толық жойды. Сондықтан Конституцияда өмір сүру құқығы барынша абсолютті түрде бекітілуі тиіс. Оған қатысты кепілдіктер де нақты көрсетілуі керек: бұл құқық өз бетінше тартып алынбайды, оны ешкім, тіпті мемлекет те, қандай да бір ең сұмдық қылмыс үшін де алып қоя алмайды. Бұл – мызғымас қағида. Адам және оның өмірі – елдің шынайы басты құндылығы, ол өзге кез келген мемлекеттік мүддеден де жоғары, – деді Адам құқықтары жөніндегі уәкіл.

Ластаев сондай-ақ басқа да іргелі адам құқықтарын бекіту қажет екенін айтты. Оның сөзінше, бұл құқықтар әмбебап болуы керек және ол қартқа да, сәбиге де, ер мен әйелге де, діндар мен атеистке де, Қазақстанда болсын, басқа елде болсын – бәріне бірдей қолданылуға тиіс.

Оларды түсіну мен тәпсірлеу барлық ел үшін бірдей. Өйткені бұл құқықтар Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында және БҰҰ-ның екі халықаралық пактісіндегі негізгі қағидаттарда бекітілген. Сол себепті негізгі құқықтар мен бостандықтарға қатысты барлық нормалар біздің ойымызша Конституцияның бір бөлімінде – адам мен азаматты қорғауға арналған арнайы тарауда топтастырылуы керек. Мұндай тәсіл көптеген елдердің Конституцияларында қолданылған, бұл тек батыс елдеріне ғана тән емес: ТМД кеңістігіндегі Әзербайжан, Армения, Беларусь, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан Конституцияларында да бар, – деді ол.

Өзгелердің жаңалығы