Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Көрнекті ойшыл әл-Фарабидің 1150-жылдығына орай Қазақстанның Швециядағы елшілігінде Уппсала университетінің профессоры Ласло Каролидің «Көнетүркі тілі мен жазуы» тақырыбы бойынша дәрісі өтті.
Осы Скандинавия еліндегі швед және қазақстандық жастар негізін құраған аудитория көнетүркі тарихы мен мәдениеті, тілдің ерекшеліктері және түркі халықтарының жазулары туралы өз білімдерін жетілдіру мүмкіндігіне ие болды.
Тыңдаушыларды қызықтырған сұрақтардың ішінен, атап айтқанда, қазақтар мен басқа көшпенді халықтардың мәдениетін түсіну үшін түркі кезеңінің маңыздылығын ескере отырып, әл-Фараби философиясының түркі негіздері қозғалды. Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесімен және Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан оның халықаралық ғылым орталығы - Түркі академиясымен берілетін бірегей мүмкіндіктер арқылы түркі әлемінің еуропалық зерттеушілері арасында өзара іс-қимылды тереңдетудің болашағы талқыланды.
Іс-шараның ұйымдастыруына ҚР-дың Құрметті консулы, ғылым докторы Вадим Кесслер және Швециядағы Қазақстан жастарының қауымдастығы қатысты.
Мажарстан мен Германияның танымал ғылыми-зерттеу орталықтарында жұмыс істеген Л.Кароли Уппсала университетінің лингвистика және филология факультетінің деканы және профессоры, сондай-ақ көнетүркі руналық жазбалар саласында халықаралық танылған сарапшы болып табылады. Ол 5 кітап пен 30-дан астам ғылыми жарияланымдар жазды, соның ішінде қазақстандық ғалымдармен бірлесе отырып. Профессор 50-ден астам халықаралық конференцияларға баяндама жасауға шақырылған болатын, ал сол күні оның дәрісі сондай-ақ Швецияның басқа қалаларындағы студенттер мен ғылыми жұмысшылар үшін онлайн режимінде таратылды.