Қызылжар өңірінде жұмыртқа экспорты артты

25 Қаңтар 2019, 20:24
2604
Бөлісу:
Қызылжар өңірінде жұмыртқа экспорты артты

Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. 2018 жылдың қорытындысы бойынша Қызылжар өңірінде жұмыртқа экспорты 74 пайызға артты. Облыста құс шаруашылығы тұрақты қарқынмен дамып келеді. Бұл жайында әкімдік отырысында өңір басшысы Құмар Ақсақалов мәлімдеді.

Солтүстік Қазақстан облысы еліміз бойынша жұмыртқа өндірісінен үздік үштік қатарында. Республикада жұмыртқаның 14 пайызы теріскейде өндіріледі. 2018 жылы солтүстікте 809 милион дана жұмыртқа өндірілген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 16 пайызға көп.

«Алдымызда құс шаруашылығын одан әрі дамыту міндеті тұр. Біріншіден, біздің өнім жоғары сұранысқа ие. Екіншіден, бәсекеге қабілетті. Былтыр 2017 жылмен салыстырғанда жұмыртқа экспорты 74 пайызға артты. Осы қарқыннан таймау керек», - деді Құмар Ақсақалов.

Өткен жылы Солтүстік Қазақстанда жалпы экспорт көлемі 20 пайызға өсіп, 129 милион долларды құраған, импорт көрсеткіші 10 пайызға азайған. 2018 жылы экономика өсімі 104,4 пайызды құрады. Аграрлық салада өндіріс көлемі жарты триллион теңгеден асты. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 2 пайызға көтерілді. Өнеркәсіптік өндіріс 2,2 пайызға артса, құрылыс көлемі 13,6 пайызға көбейді.

 

Эльмира КӘЛЕНОВА
Өзгелердің жаңалығы